Астанада АЭС-ке қатысты жария талқылау өтті. Жиынға келген көпшілік сала мамандарынан АЭС-те төтенше жағдай болса, оның салдарымен кім күресетінін, жауапкершіліктің кімге жүктелетінін сұрады.
«Жаңа технологиялардың қандай да бір төтенше жағдай бола қалған жағдайда, қауіптің алдын алуға қауқары жете ме? Егер апат болса, оған жауапкершілікті кім алады?», – деп сұрады Астана тұрғыны.
Сала мамандары АЭС-тің мердігер кепілдігімен салынатынын, нысан салынып болғаннан кейін оның жұмысын реттеуші орган бақылап отыратынын айтты.
«Жалпы ядролық зардап салдары Вена конвенциясы арқылы реттеледі. Мұндай жағдайда бірінші кезекте жауапкершілік АЭС операторына жүктеледі. Сонымен бірге АЭС-ке қатысты реттеуші орган бар, мемелекет бар. Ол лицензия беріп, АЭС-ке қатысты барлық жағдайды қадағалап отырады. Сонымен бірге АЭС мердігер кепілдігімен салынады», – деді маман.
Жиынға қатысқан тағы бір сарапшы жалпы АЭС-ке қатысты апат жиі бола бермейтінін атап өтті. Ал Фукусимадағы белсенді аймақтың зардап шеккеніне қатысты апат 10 млн жағдайда 1 рет қана тіркелетінін мәлімдеді.
«АЭС қауіпсіздігі жайлы айтар болсақ, егер қандай бір апат басталмас бұрын, термальды реактордың ауытқуларын реттейтін кері байланыс бар. Мұндайда табиғат заңы бойынша ауытқулар қалпына келуі керек. Ал Фукусимадағы апатты алар болсақ, мұндай апат 10 млн жағдайда бір рет қана кездеседі. Ал реактордың жұмысы 60-80 жылды құрайды», – деді сарапшы.
Айта кетсек, Қазақстанда АЭС-ті Ресей, Корея немесе Франция салуы мүмкін. Бұл жайлы өткен жылдың күзінде белгілі болды. Қазақстан тарапының әр елмен келіссөздер жүргізіп жатқаны айтылды. Атап айтқанда, әлеуетті жеткізушілер ретінде «CNNC» (ҚХР, hpr-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200, ВВЭР-1000 реакторлары), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1400 реакторы) және «EDF» (Франция, epr1200 реакторы) компаниялары қарастырылып жатыр.
Еске сала кетсек, 16 тамызда Алматыда жария талқылау өтіп, соңы дау-дамайға ұласқан болатын. Жиында эколог Мэлс Елеусізов Балқаш көлінің болашағына қауіп төнетінін ескертті.
Ал АЭС-ке қатысты референдум күзде өтеді. Қазақстанда атом электр станциясын салуға 10-12 млрд доллар жұмсалуы мүмкін.