Ата-аналар балаларды басқа мектепке ауыстыруды eGov.kz порталы арқылы онлайн жүзеге асыра алады. Бұл жайлы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«Енді ата-аналар мен заңды өкілдер портал арқылы баланы бір мектептен екінші мектепке eGov.kz порталында онлайн ауыстыра алады. Жалпы білім беретін ұйымды іздеу және таңдау процесі ата-ананың тіркеу орны негізінде шағын учаске бойынша оңтайландырылған», – делінген баспасөз хабарламасында.
Ата-аналар мен баланың заңды өкілдері енді мектепті тұрғылықты жері бойынша тек шағын учаскеден ғана емес, сонымен бірге өз қалауына қарай басқа жерден таңдай алады.
Сонымен қатар жалпы білім беретін ұйымды таңдаған кезде пайдаланушыға таңдалған мектепте қолжетімді оқу тілі көрсетіледі. Бұл процесс қағазбастылық мәселесін шешеді. Енді есептен шығару және бекіту талондары, жеке істі беру қажет болмайды.
Ата-ана ойынан айнып қалса, өтінішін кері қайтару тетігі де бар.
Көрсетілетін қызметті алу үшін пайдаланушыға:
- eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Білім» бөліміне өтуі керек;
- тізімнен «Орта білім» бөлімін таңдап, «Балаларды мектептен мектепке ауыстыру үшін құжаттарды қабылдау» тетігін таңдауы тиіс;
- қажетті жолдарды толтырып, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қояды;
- қызмет нәтижесімен Жеке кабинетте танысуға болады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қызметтің жаңа функционалы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің және ҚР ЦДИАӨМ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» білім беруді зерттеу және бағалау ұлттық орталығы» АҚ және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында іске қосылған.
Айта кетейік, еGov.kz порталы арқылы алатын қызметтер саны артып келеді. Соның бірі студенттердің жатақханаға өтінім беруі. Студенттер бұрынғыдай өтінім беріп, арыз қалдырмайды. Өтініш ұялы телефондағы eGov.kz веб-порталы арқылы қабылданады. Студент жатақханадағы орынға өтініш бермесе де, оған мұндай қызмет қажет екенін анықтау үшін автоматты хабарлама жіберілуі мүмкін. Бұл хабарламаға 24 сағат ішінде жауап берілуі керек.
Сондай-ақ қазақстандықтар eGov Mobile қосымшасы арқылы мәселе көтеріп, мекемелерге сын-ескертпе жолдай алады. Әрбір тұрғын смартфонның көмегімен өз қалаларын абаттандыру жайы мен экология мәселелері туралы хабарлай алады. Яки eGov Mobile қосымшасының пайдаланушылары фотоайғақтарды жауапты құрылымдарға жолдайды.