Қытайлық банктер ресейлік кәсіпкерлерге бірнеше ай бұрын сатып алынып, кедендік рәсімдеуден өтіп қойған тауар үшін төленген қаражатты кері қайтара бастады. Бұл жайлы ресейлік Ведомости басылымы хабарлады.
Басылымға осындай жағдай туындағаны жайлы ресейлік бизнесмендер хабарлаған. Төлемдер кәсіпкерлерге, заң фирмаларына, экспедиторларға және т.б. салалар бойынша қайтарыла бастаған.
Импорттаушылардың біріне төлем үш айдан кейін юаньмен қайтарылған. Тағы бір кәсіпкерге Қытайдың ірі банкінде үш айдан бері өтпей тұрған төлемі қайтарылған. Ал енді бір бизнесменнің Қытай тарапына толық төленіп, қабылданып қойған қаражаты 4 айдан кейін қайтарылған. Тағы бір импорттаушыға шотынан қайтарылған қаражатты шығара алмайтыны жөнінде хабарлама келген.
Nordic Star заңгері Андрей Гусевтің айтуынша, бірнеше бизнес өкілі осындай мәселемен заңгерлік көмекке жүгінген. Ресейлік «RM Logistics» компаниясының басшысы Евгений Фаренецтің айтуынша мұндай жағдайлар соңғы кезде жиілеп кеткен.
Басылымға сұхбат берген сарапшылардың айтуынша, қиындықтар тауар үшін қаражат толық төленіп қойған соң басталады. Қытай тарапы толық төлем қабылданған кейін тауарды жөнелтеді. Алайда арада бірнеше күн өткен соң, Қытай банктерінде қиындықтар туындап, төлемнің қайтарылатыны жөнінде хабарлама келеді. Ал бұл аралықта жөнелтілген тауар портта немесе кедендік бақылаудан өтіп қойған болады. Осындай қиындықтарға тап болған кәсіпкерлер заңгерлердің қызметіне көбірек жүгіне бастаған. Десе де мұндай жағдай әлі де жаппай сипат ала қоймаған.
Негізінен Қытай банктері мен Ресей кәсіпкерлері арасында төлем жүргізуге қатысты кедергілер 6 ай бұрын пайда болды. Оған Батыс шектеулерінің күшеюі әсер еткен. Мәселен, Қытай банктерінің 98%-ы Ресейден төлем қабылдаудан бас тартқан. Ресей кәсіпкерлері қытайлық банктердің мамыр-маусым айларына дейін төлем қабылдап келгенін айтады. Ал 20 шілдеден бастап қаржылай транзакция жүргізу қиындаған.
12 тамыз күні Ресейдің Орталық банкі жаңартылған орта мерзімді болжамын жариялады. Онда шетелдік банктердің төлем қабылдаудан бас тартуына байланысты импорт үлесі төмендейтіні айтылған. Шамамен импорт үлесі 1-3%-ға төмендейді деп күтіледі.
Ал кеше, 19 тамыз күні Қырғызстанның ірі банктерінің бірі Ресейге ақша аударымдарын тоқтатты. «ҚЫРҒЫЗСТАН Коммерциялық банкі» Сбербанк, Тинкофф және МТС арқылы ақша аудару екі бағытта да тоқтатылғанын хабарлады. Сонымен бірге банк Ресейден келетін кіріс аударымдары рубль деректемелерін пайдалана отырып, санкцияға ұшырамайтын банктер арқылы ғана жүзеге асырылатынын ескертті.