Елімізде биылғы 1 мамырдан бастап 15 тамызға дейін теміржол көлігімен 17 млн тонна көмір тасымалданған. Оның 1 млн тоннасы коммуналды-тұрмыстық секторға, 16 млн тонна энергетикалық кәсіпорындарға жеткізілген. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Жыл сайынғы деректерге сәйкес республика ішінде 70 млн тоннадан аса көмір тасымалданады. Биылғы 15 тамыздағы жағдай бойынша тасымалдың жалпы көлемінің 25 %-ы орындалған.
«Орташа ай сайынғы көмір тиеу көлемі — 5,5 млн тонна. Бүгінгі күні энергетикалық кәсіпорындардағы көмір қоры 3,7 млн тоннаға тең. Коммуналды-тұрмыстық секторды қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінуде. Жылыту маусымының 3 айында нақты тасымалдау көрсеткіштері жоспардан 8%-дан артық орындалды», — деп атап өтті Марат Қарабаев.
Қазіргі уақытта тасымалдауға 20 мыңнан астам ашық вагон жұмылдырылған. Оның ішінде 11 мыңы коммуналды-тұрмыстық көмірді тасымалдауға, 9 мыңы энергетика саласына арналған.
Сонымен қатар 3 мыңға дейін жеке операторлар вагондарын қолдануға мүмкіндік бар. Жеткілікті локомотив паркі дайындалған. Ұлттық оператор локомотивтерінің жалпы саны 1,8 мың бірлікті құрайды.
«Жылжымалы құрамның жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде биыл 185 локомотив сатып алынды. Жалпы жұмылдырылған жылжымалы құрам қажетті көлемді тасымалдауға толығымен жеткілікті», — деп мәлімдеді министр.
Марат Қарабаевтың айтуынша, көмірді уақтылы тиеуді қамтамасыз ету үшін мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдар бірлесіп, тиісті шаралар қабылдап жатыр. Тасымалдау жұмыстары артып кететін қараша-желтоқсан айларында жүктемені азайту мақсатында әкімдіктермен бірлесіп, жазғы уақытта көмір қорын көбейту жұмыстары жүргізіліп келеді.
Жылжамалы құрамды оңтайлы қолдану үшін маршруттау жүйесі енгізілген. Бұл өз кезегінде көмірді жеткізу жылдамдығын тәулігіне 700 шақырымға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Көмір жеткізу мәселелерін жедел шешу мақсатында тұрақты штаб жұмыс істеуде. Сонымен қатар көмірді жеткізу кезінде пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін негізгі көмір тиеу стансаларына, атап айтқанда, Қызылжар, Дегелең, Үшқұлын, Нұра және Екібастұз стансаларына келетін жолдардың 102 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көмір негізгі бес көмір бассейнінен тиеледі. Жүк жөнелтушілердің сұраныстары толық көлемде қамтамасыз етіліп жатыр», — деп түйіндеді баяндамасын Марат Қарабаев.
Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде ондыққа кіреді. Республика көмірді Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркияға және Шығыс Еурпаның кейбір елдеріне тасымалдайды. Экспорт көлемінің 65 пайызы – Ресейдің үлесінде.