Жаңалықтар

Қазақстанға тағы бір еуропалық такси сервисі келеді

Bolt сервисі Қазақстанға келуді жоспарлап отыр / Фото: kursiv.media

Эстониялық Bolt сервисі Қазақстанға келуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

«Бұл – Еуропаның ең танымал компанияларының бірі. Yandex-тің Еуропада кең таралған баламасы. Олар хабарласып, біздің нарығымызға қызығушылық білдірді. Сөз жоқ, біз бұған қолдау білдіреміз. Өйткені кез келген бәсекелестік бағаның төмендеуіне әкеледі», – деді министр.

Маусым айында ТМДдағы ең қымбат такси Қазақстанда екені мәлім болды. Күн бұзылса, таксистер бағасын аспандатып жіберетіні құпия болмаса керек. Марат Қарабаевтың айтуынша, такси бағасын мемлекеттің реттеуі жөн емес. Бірақ баға тым жоғары болса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттікке арыздануға болады.

«Оның нақты жағдай бойынша ықпал етуге мемлекеттік орган ретінде толық құзыреті бар. Агрегаттардың қызметін тексеруге және құзырлы органға толық ақпарат беруді талап етуге болады. Сонда біз бағаны қолдан, әдейі көтеретін болса, белгілі бір шара қолдана аламыз», – деді министр.

Мұның алдында жаңа жылдан бастап рулі оң жақтағы такси жүргізушілеріне жұмыс істеуге тыйым салынатынын жазғанбыз.