АҚШ-тың Ұлттық барлау басқармасы, ФТБ және Киберқауіпсіздік жөніндегі агенттік бірлесе тергеу жүргізіп, «Иран Республикалық партияның үміткері Дональд Трамптың штабына жасалған кибершабуылға жауапты» деген ұйғарымға келіп отыр.
Барлау қызметтерінің мәлімдеуіне қарағанда, шабуылдың мақсаты — сайлау қарсаңында Америка қоғамының арасына жік түсіріп, ши жүгірту.
«Сайлау науқаны барысында Иранның агрессивті белсенділік танытқанын бақыладық. Америка қоғамына ықпал ету үшін президенттік сайлау науқанына бағытталған операциялар мен кибершабуылдар жасады», — делінген ФТБ-ның мәлімдемесінде.
АҚШ барлаушыларының дерегінше, Иран АҚШ-тағы президенттік сайлау науқанына тікелей қолжетімділігі бар адамдар туралы ақпарат алуға ұмтылған. Демократиялық партия атынан сайлауға түсіп жатқан Камала Харристің де штабы шабуылға тап болыпты.
Иран тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. БҰҰ жанындағы Иран миссиясы АҚШ тарапынан тағылған айыптарды негізсіз деп атады.
«Иран АҚШ-тағы сайлауға араласу ниеті де, құлқы да жоқ. АҚШ үкіметі мәлімдемелерінің негізді екеніне сенетін болса, онда бізге дәлелдерін келтірсін. Онысы бар болса, біз тиісті шара жасаймыз», – деп жауап берді Иран тарабы.
Батыс басылымдарының дерегінше, Дональд Трамптың сайлауалды штабы күшті кибершабуылға ұшыраған. ФТБ-ның дерегінше, хаккерлер Дональд Трамптың бұрынғы кеңесшісі, политтехнолог Роджер Стоуннің электронды поштасын бұзып кірген. Джо Байден сайлау додасынан шығып қалғанға дейін, оның штабы да шабуылға тап болған.
Шілде айының ортасында Пенсильваниядағы сайлауалды кездесуде Трампқа қастандық жасалды. АҚШ президенттігіне үміткер жараланып, бір адам қаза тапты. Көп кешікпей Дональд Трампқа оқ атқан адамның есімі белгілі болды. Күдіктінің аты-жөні – Томас Мэтью Крукс. New York Post жариялаған ақпарат бойынша ол өзі оқ атқан ғимаратта қаза болды.