Үкімет басшысы Олжас Бектенов маймыл шешек індетіне қарсы сақтық шараларын күшейтуге тапсырма берді. Кең таралып кетпеу үшін әуежайлар мен шекара бекеттері бақылауда ұсталмақ.
Бүгінгі Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс жаңа маймыл шешегі вирусы мәселесі қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бүгінгі таңда Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін, сирек жұқпалы ауруды жұқтыру жағдайы тіркелмегенін айтты.
«Қазақстан Республикасы аумағында індеттің пайда болу қаупі аз. Осыған қарамастан, министрлік бұл инфекцияның таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті алдын алу шарасын қабылдауда. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Аталған инфекцияға күдікті науқастар әкелінген және анықталған кезде жағдайдың ушығуының түрлі сценарийлері бойынша Медициналық қызметтердің іс-қимыл алгоритмдері әзірленді», – деді Ержан Нұрлыбаев.
Денсаулық сақтау вице-министрінің айтуынша, індеттің алдын алу үшін дәрілік заттар қоры жасалып жатыр. Жергілікті жерлерде медицина қызметкерлерін диагностика және емдеу әдістеріне оқытудың қайталама циклдері жүргізілмек. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы және төтенше жағдайлар кезіндегі ұлттық іс-қимыл жоспары дайындалған.
Үкімет басшысы әзірге алаңдауға негіз жоқ екенін, бірақ тоқмейілсуге болмайтынын атап өтті.
«Көріп отырғанымыздай, әзірге алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі ахуалды әрі қарай бақылауда ұстап, жұқпалы аурудың ел аумағында таралу қаупін болдырмау бойынша алдын алу шараларын қабылдасын. Бұл әсіресе, әуежайлар мен шекарадағы өткізу бекеттеріне қатысты», – деп тапсырды Олжас Бектенов.
Айта кететін жайт, 2022 жылдың мамырында маймыл шешегі вирусы алғаш рет тіркелді. Содан бері әлемде 99 мыңға жуық адамның жұқтырғаны анықталып отыр. Соның 189-ы көз жұмды. Эндемия Гана, Конго, Камерун, Либерия, Нигерия, Орталық Африка Республикасы елдерінде кең таралып жатыр. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі көрші елдердегі эпидемиологиялық ахуалға мониторинг жүргізіп, тәуекелдерді тұрақты бағалауды қолға алып жатыр.
Африка елдерінен, сондай-ақ инфекция тасымалдау жағдайлары тіркелген басқа елдерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады. Қолайсыз елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады.
Мұның алдында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршуіне байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялаған. АҚШ-та маймыл шешегіне байланысты төтенше жағдай жариялауы мүмкін. Қазақстан маймыл шешегінің таралуын болдырмау үшін әуежайлар мен шекара бекеттерінде бақылау шарасын күшейтетіні жайлы жазғанбыз.