Research

Шілде айында қазақстандық тұтынушылардың оптимистік ұстанымы нығая түскені анық байқалды

Фото: shutterstock

2024 жылдың шілде айында қазақстандықтардың тұтынушылық сенім индексі (ССІ) оң аймақта бекіп, нығая түскенімен қатар, еліміздің барлық өңірлері тұтынушылық оптимизм аймағына келіп жайғасты. Өткен айда республика тұрғындары азық-түліктің негізгі түрлерінің бағасы ұлғайды дегенді аса көп айта коймаған, дегенмен олардың инфляциялық күтулері өсіп келеді. Олар сондай-ақ шілде айында тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық және байланыс қызметтері қымбаттай түскенін алға тартқан. Сонымен қатар «жұмыссыздық жайлайды» деген алаңдаушылық екпіні мен жалпы мазасыздық көрсеткіштері біршама бәсеңси түскені байқалуда. Бірақ кредиттік сенімнің өсуі баяулап, депозиттік сенім төмендеп те кеткен.

Бүгінгі материалда біз Freedom Finance Global PLC зерттеу компаниясының ел ішіндегі тұтынушылық сенім көрсеткіштері бойынша кезекті 21-зерттеуінің нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз. Аталған зерттеу United Research Technologies Group әдістемесі бойынша 2022 жылдың қаңтарынан бері ай сайын жүргізіліп келеді.

Оптимистік аймақтағы ұстамды бағалар

Бұған дейінгі зерттеулер барысында айтып өткеніміздей биыл көктемде төмендеп кеткен қазақстандықтардың тұтынушылық сенімінің пессимистік сипаты артынша оң аймақта өсіп, беки түсті де, шілде айында ССІ көрсеткіші 104,2 тармаққа келіп тоқтады (маусыммен салыстырғанда өсу көрсеткіші 0,4 тармақ). Бұл негізінен респонденттердің қазіргі жағдайды бағалау индексі аясында көрініс берді (+0,8 т., 87 тармаққа дейін), иә, өсу екпіні аса мардымды емес, есесіне тұтынушылардың күту индексі биыл шілде айында төмендей түскені байқалды (–0,4 т., 129,9 тармақ). 

Айта кету керек, маусымдағы зерттеумен салыстырғанда шілде айында субиндекстердің бірқатары төмендеу үрдісін көрсетті, яғни қазақстандықтар ұлттық экономиканың алдағы перспективасына қатысты қайтадан біршама ұстамды баға бере бастаған. Мысалға, ҚР экономикалық жағдайында қысқамерзімді перспективада күтілетін өзгерістердің индексі 1,3 тармаққа төмендеген болса (127,4 тармаққа дейін), ұзақмерзімді перспективадағы өзгерістерді бағалау индексі 0,8 тармаққа (130,1 тармаққа дейін) төмендеп кеткен. Бірақ та басқа да субиндекстер бойынша оң динамика байқалып отыр, оның ішінде, әсіресе, респонденттің жеке материалдық жағдайында орын алған өзгерістер (+1,1 тармақ, 105,6 тармаққа дейін) мен жеке материалдық жағдайындағы күтілетін өзгерістер (+1 тармақ, 132,4 тармаққа дейін) бойынша (суб)индекстер неғұрлым елеулі өсу екпінін көрсеткен. Ірі ауқымдағы сатып алулар үшін қолайлы жағдай (суб)индексінде де ілгері жылжу бар – 1 тармаққа, яғни 77 тармаққа дейін. Бұдан шығатын қорытынды: қазақстандықтар ел экономикасындағы жағдайға қатысты біршама ұстамды баға бергенімен, өздерінің жеке экономикалық жағдайы бойынша мейлінше оптимистік көзқарасты ұстанып отыр.

ССІ индексінің шілдедегі көрсеткіші өткен айдағы тұтынушылық оптимизмнен де асып түсті – бұл тұрғыдағы рекордтық жоғары көрсеткіштер 2023 жылдың желтоқсан айында тіркелген болатын (104,7 тармақ деңгейінде). Яғни ел ішінде тұрақты экономикалық және әлеуметтік жағдай өзгермей, бір қалыпта болса, отандық тұтынушылардың сенім индексі келесі айда да оптимистік аймақта ұстамды қарқынмен бекіп, нығая түседі деген сөз. Жалпы мұндай көрсеткіш жаз айларына тән үрдіс деуге де болады.

Ересек жастағылар пессимистік аймақтан шыққысы жоқ

Шілде айында тұтынушылар сенімі көрсеткішінде гендерлік айырмашылық анық байқалды: әйелдердің оптимистік ұстанымы мейлінше жоғары (105,6 тармақ, өсу көрсеткіші 0,4 тармақ), дегенмен ерлер де оң аймақта қалып отыр (102,6 тармақ, өсу көрсеткіші 0,6 тармақ). Сол сияқты, әйелдерге тән тұтынушылық күту индексі де айтарлықтай жоғары (133 тармақ, ерлердің көрсеткіші – 126,5 тармақ). Ал ағымдағы жағдайды бағалау индексінде гендерлік тұрғыда аса көп алшақтық жоқ (сәйкесінше: 87,1 және 86,9 тармақ).

Респонденттердің жас ерекшелігі бойынша алып қарасақ, тұтынушылық сенім бойынша көрсеткіштер айтарлықтай өзгере қоймаған: пессимистік аймақта әдеттегідей ересек жастағы тұтынушылар қалып отыр, бірақ 45–59 жас аралығындағы тұтынушылар бейтарап аймаққа жақындап қалған (98,6 тармақ, +3,8 тармақ), ал 60 жастан жоғары отандастарымыздың тұтынушылық сенімі шілде айында төмендеп кеткен (91,9 тармақ, –5 тармақ). Есесіне жастарға тән (18–29 жас аралығы) тұтынушылық сенім көрсеткіші әдеттегідей бәрінен де жоғары (118,7 тармақ), олардың бойындағы тұтынушылық оптимизм көрсеткіші де өсе түскен (+2,9 тармақ).   

Ел іші түгел дерлік оптимистік аймақта

Естеріңізге сала кетсек, биыл маусым айында еліміздің 13 өңірі тұтынушылық оптимизм аймағына келіп жайғасқан болатын, ал шілдеде олардың саны 17-ге жетті. Пессимистік баға тек Шығыс Қазақстан (97,9 тармақ, +2,5 т.), Батыс Қазақстан (97,8 тармақ, –10,6 т.) және Ұлытау облыстары (98 тармақ, –7,2 т.) тарапынан байқалып отыр.     

Тұтынушылық сенім индексінің өсуі, әсіресе, Ақтөбе (103,2 тармақ, +11 т.), Павлодар (102 тармақ, +7,6 т.) және Солтүстік Қазақстан (104 тармақ, +8,1 т.) облыстарында кеңінен байқалды. Айтқандай, бұған дейінгі зерттеулерде Павлодар және Солтүстік облыстарындағы тұтынушылық оптимизм көрсеткіштері айтарлықтай төмен болатын, ал көктем және жаз айларында Ақтөбе өңіріндегі сенім көрсеткіші құбылмалы сипатта болды: оптимистік аймақтан пессимистік аймаққа және кері бағытта өзгеріп отырды.

Тұтынушылық сенім көрсеткішінің төмендеуі шілде айында Батыс Қазақстан (–10,6 тармақ, 97,8 тармаққа дейін), Жетісу (–8 т., 100,1 т. дейін), Түркістан (–7,6 т., 108,2 т. дейін), Ұлытау облыстары (–7,2 т., 98 тармаққа дейін) мен Алматы қаласының (–2,9 т., 100 тармаққа дейін) тұрғындары тарапынан байқалды.

Қаржы мәселесі алаңдатпай қоймайды…

Маусым айымен салыстырғанда шілдеде тұтынушылық сенім индексі ептеп қана өскенімен, қазақстандық тұтынушылар жаздың екінші айында өздерін ештеңе алаңдата қоймағанын жиірек айтқан (34,4%, +3,7 п.т.).   

Әйтсе де, қаржылық қиындықтар мен ақшаның жетіспеуі мазалап отырған тұтынушылардың үлесі ұлғая түскен – 1,8 п.т., 28,2%-ға дейін. 2024 жылдың басындағы жағдаймен салыстырғанда қазір қазақстандықтарды көбінесе инфляция, бағалар мен тарифтердің өсуі мазалап отырса керек – алаңдаушылықтың негізгі себептері қатарында бұл мәселелер шілде айында төртінші орынға шыққан (7,7%, +0,9 п.т.).

Сол сияқты, әрбір оныншы қазақстандықты (10,9%, +0,8 п.т.) өзінің немесе жақынының денсаулығы алаңдатып отырған көрінеді, ал отбасылық-тұрмыстық мәселелер шілде айында отандастарымызды аса мазалай қоймаған (7,2%, –1,7 п.т.). 

Елдегі экономикалық (2,8%, +0,6 п.т.) және саяси (2,2%, +0,6 п.т.) жағдайларға алаңдап отырғандардың қатары ептеп өсіп, экологияның жағдайына қатысты алаңдаушылық та өзектеле түскен (1,9%, +0,8 п.т.), десек те бұл мәселе қазақстандықтар үшін негізгі «мазалаушы себептер» қатарында аса кең тарай қойған жоқ.

Жеделдетуге бет бұрдық па?

ҚР Ұлттық статистикалық бюросы мәліметтеріне сүйенсек, бұған дейін ұзақ уақыт бойы төмендеу тенденциясын көрсеткен жылдық инфляция шілде айында жеделдей түсіп, 8,6%-ды құрады (жылма/жыл шаққанда өсу көрсеткіші 0,2%).

Шілдедегі өлшем қорытындысына қарап, өткен жылғы баға динамикасын бағалаудағы «оптимистік тренд» тоқтап қалды деуге де болады: жаздың екінші айында тұтынушылар бұрынғымен салыстырғанда баға жеделдеп өсті дегенді сәл де болса жиірек айтқан (52,7%, +0,6 п.т.). Алайда баға динамикасына оптимистік сипатта баға бергендердің саны да біртіндеп өсіп келеді: бұрынғымен салыстырғанда баға баяу өсті дегенді жиі айтқан респонденттер де кезікті (+2,2 п.т., 12,8%-ға дейін). Осылайша біз қазір ұстамды бағалардың төмендеуі есебінен пессимистік және оптимистік бағалар арасындағы қарама-қайшы көзқарасты байқап отырмыз.

Шілде айында айлық инфляция да жеделдей түсіп, 0,6%-ды құрады (маусымдағы көрсеткіш 0,4%). Сәйкесінше, өткен жылға берілген пессимистік бағалардың артуымен қазақстандық тұтынушылар шілде айының қорытындысы бойынша «бағалар ұстамды деңгейде өсті» дегенді жиірек айтқан (33,7%, +1,5 п.т.), ал «бағалар өткен айда айтарлықтай өсті» деп баға бергендердің үлесі аса өзгерген жоқ (39,1%, +0,1 п.т.). Осылайша, респонденттер мамыр және маусым айларында тілге тиек еткен бағаның (ептеп) өсуі туралы пайым-болжамдары шілде айында ақталды деуге негіз бар.

Инфляциялық күтулер бұрынғы деңгейде

Ескерте кетейік, аталған зерттеу аясындағы инфляциялық күтулер көрсеткіші Берк әдісіне сәйкес ықтималдық квантификациялық әдіспен есептеледі және инерциялық сипатта болады.

2024 жылдың шілдесінде жүргізілген сауалнама нәтижелері көрсетіп бергендей жылдық инфляцияның күтілетін деңгейінде өзгеріс болған жоқ – көрсеткіш бұрынғысынша 8,2% деңгейінде қалып отыр (маусымдағы көрсеткішке ұқсас). Ал күтілетін инфляцияның қабылданатын инфляцияға шаққандағы арақатынасы 2024 жылдың шілдесінде 0,97-ге дейін өскен (маусым айындағы көрсеткіш 0,96). Халықтың инфляциялық күтулері инфляциялық процестердің нақты динамикасынан төмен, дегенмен, тұтынушылардың бағалауында инфляциялық қысым арта түскені де байқалуда.

Республика бойынша алып қарағанда, шілдедегі жағдай маусымдағыдан алшақтай қоймаған: инфляциялық процестерге Астана және Алматы қалаларының тұрғындары берген баға бұл жолы да екіге бөлінді. Шілде айында астаналықтар тарапынан байқалған оптимистік ұстаным біршама жоғары болды, мысалға, ел бойынша орташа көрсеткішпен салыстырғанда (0,9 және 0,97), ал осы мезетте алматылықтар тарапынан инфляциялық пессимизм анық байқалды деуге болады (1,06).

Бағаны ересек жастағылар қадағалап отыр

Тауарлар мен қызметтер бағасының алдыңғы айдағы өзгеруін бағалаудағы гендерлік алшақтық шілдеде де анық білініп, маусымдағы өлшеммен салыстырғанда биыл шілдеде әйелдер тарапынан берілген бағалар тағы да пессимистік сипатта болды (+0,3 п.т., 41,8%-ға дейін, ерлерде – төмендеу 0,3 п.т., 36%-ға дейін). Ал бағалардың бір жылдағы өзгеруіне берілген баға ептеп өзгешелеу: шілдеде бұл тұрғыда пессимистік ұстаным ерлер тарапынан басым шықты (+1,1 п.т., 48,1%-ға дейін), бірақ жыл ішінде бағаның қаулап өскенін жиі атап өткендер әдеттегідей әйелдер жағы (+0,2 п.т., 56,7%-ға дейін).  

Алдыңғы айдағы баға динамикасына мейлінше оптимистік баға беру әдетте жас тұтынушыларға тән. Алайда маусымдағы зерттеумен салыстырғанда, жастар (+2,5 п.т., 35,7%-ға дейін) мен зейнеткерлер (+3,1 п.т., 42,6%-ға дейін) «өткен айда баға қаулап өсті» деген пікірге шілде айында жиірек тоқталған. Ал бағалар динамикасының бір жылдағы өзгерісі бойынша айтарлықтай өзгеріс жоқ: ең пессимистік баға ересектеу жастағы жас тұтынушылар тарапынан айтылған (–0,7 п.т., 55,9%-ға дейін), ал жастар жағы бағалардың «айтарлықтай өсуін» аса көп байқай қоймаған, тіпті бағалар ұстамдыдан төмен деп өзгертілгеніне қарамастан (+2,4 п.т., 49,4%-ға дейін).

Ай қорытындысы бойынша бағаның күрт өсуін негізінен Шығыс Қазақстан (52,2%) және Батыс Қазақстан (50,4%) облыстарының тұрғындары атап өткен болса, жыл қорытындысы бойынша ұстамды бағалар Шығыс Қазақстан (60,7%), Жетісу (65,8%) және Солтүстік Қазақстан (60,5%) облыстары тұрғындары тарапынан берілген.

Коммуналдық және байланыс қызметтері ең қымбат топта

2023 жылы ең қымбат дейтін топ-10 тауар мен қызмет қатарын азық-түліктің негізгі түрлері құраған болатын. 2024 жылдың ақпан айынан бастап топ-10 тізіміне: алдымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі (16,9%, +1 п.т.), артынша интернет және мобильді байланыс қызметі қосылды (13,5%, +1,4 п.т.), қызметтің бұл түрі бойынша елеулі қымбаттау байқалғаны туралы маусым айында көбірек айтылды (+7,5 п.т.). 

Жалпы биыл шілдеде қазақстандықтар «ең қымбат» деп көбінесе қызметтер түрін мысал еткен, ал айталық азық-түлік түрлері топ-10 қатарында аса көп айтыла қоймаған. Сол сияқты, сүт және сүт өнімдері (30,8%, –2,7 п.т.), жарма және макарон өнімдері (22%, –1 п.т.), ұн (16%, –1,4 п.т.) секілді өнімдер бойынша біздің респонденттер бағаның төмендеуін байқағанын да атап өтті.

2024 жылдың шілде айында бағаның өсуі төмендегідей тауарлар мен қызметтер түріне қатысты көбірек айтылды: киім-кешек, аяқ киім (8,6%, +1,3 п.т.), кондитерлік өнімдер (8,2%, +1 п.т.), балық және теңіз өнімдері (6,3%, +0,6 п.т.), алкогольсіз сусындар (5,4%, +0,6 п.т.).

Бір жылға емес, бір айға деген болжам жоғары…

Шілде айында мейлінше пессимистік бағаларға ден қою тренді әрі қарай жалғасты: келесі айда «баға қаулап өседі» (17,3%, +1,3 п.т.) және «баға ұстамды деңгейде өседі» (34,3%, +0,8 п.т.) дейтіндердің үлесі ұлғайып келеді – «баға ептеп қана өседі» дейтіндердің үлесі сәл болса да азаюы есебінен (18,3%, –2,7 п.т.).  

Бір жыл аясынан алып қарағанда, тұтынушылар тарапынан бұрын «ұстамды» деп сипатталған болжамды бағалар қарама-қайшы реңк алуда, яғни тауарлар мен қызметтердің бағасы жылдам қарқынмен жоғары өрлейді деп күтетіндердің үлесі пропорционалды түрде өсіп (22,2%, +1,4 п.т.), «баға өзгермейді» деп күтетіндердің үлесі бұрынғы деңгейде қалған (10,1%, +1,4 п.т.). Бұл тұрғыда бағалардың биылғыдай қарқындап өсуін болжайтын нұсқа (39,2%, – 2,6 п.т.) біршама танымал шыққанымен, бағалардың осындай динамикасын шілдеде күткендердің үлесі азая түскен.

Бағаның өсуі ерлер мен ересектеу жастарды мазалап отыр

Бағалардың келесі айда өсу мүмкіндігіне алаңдап отырған тұтынушылардың дені маусым айында ерлер болатын, ал шілдеде олардың орнын әйелдер басты. «Бағалар келесі айда қаулап өседі» дегенге ерлермен салыстырғанда (17,3%, + 1 п.т.) ептеп болса да әйелдер көбірек ден қойған (17,4%, +1,6 п.т.). Ал бір жыл аясындағы болжамдарға тоқталсақ, маусым айымен салыстырғанда бағалардың «қаулап өсуін» негізінен ерлер жағы күтіп отыр деуге болады (23,4%, +3,2 п.т., әйелдер – 21,2%, –0,2 п.т.)

Тауарлар мен қызметтердің бағасы бір жыл ішінде де (24,5%, +2,9 п.т.), бір ай ішінде де (18,6%, +0,9 п.т.) «қаулап өседі» деп болжайтын ең пессимистік топ – жас шамасы ересектеу дейтін жастар, ал жас тұтынушылар болса бір ай аясындағы бағаларға қатысты пессимистік болжамдарынан бас тартпаған (17,1%, +2,7 п.т.). Бір жылдағы баға динамикасына қатысты пессимистік болжамдардың артуы жас шамасы 60-тан асқан тұтынушылар тарапынан да байқалып отыр (22,7%, +3 п.т.).

Айтпақшы, бағалар бір айда және бір жылда қымбаттайды деп күтетін тұрғындар негізінен Атырау (25,1% және 33,3%) және Ұлытау облыстарында (25,3% және 35,1%) тұрып жатыр. Батыс Қазақстан облысының тұрғындары болса «баға бір жыл ішінде қаулап өседі» деген болжамға көбірек тоқталған (31,7%).

Қымбаттаудан кейінгі ұстамды баға…

Бір айға және бір жылға қатысты болжамдар бойынша девальвациялық күтулердің айтарлықтай өсуінен кейін шілде айында болжамды бағалаулар, әсіресе, бір ай аясында алып қарағанда қайтадан ұстамды сипат алды. Қазақстандық тұтынушылардың үштен бірінен сәл астамы (34,3%, –2,6 п.т.) алдағы айда АҚШ долларының ұлттық валютаға шаққандағы бағамы жоғары өрлейді деп күтеді, ал үштен бірінен сәл астамы (39,8%, +1 п.т.) «тұрақты» деңгейде қалады деп есептейді. Келер жылға қатысты айтар болсақ, маусым айындағы өлшемнен бері болжамды бағалаулар өзгеріссіз қалуда – қазақстандықтардың жартысынан көбі (56,8%, +0,6 п.т.) теңгеге шаққандағы АҚШ долларының бағамы жоғары болады деген сенімде.

Доллардың қымбаттауына әдеттегідей ерлер көбірек сенімді: бір айға не бір жылға қатысты болса да (35,7% және 59,7%). Респонденттердің жас ерекшелігі бойынша алып қарағанда келер жылы «доллар бағамы өседі» дегенге жастар жағы нық сенімді, ал бір айға қатысты айтқанда, сенім көрсеткіші жас шамасы ересектеу жастар арасында жоғары (37%).

Келесі айда доллар бағамы өсе береді деп болжайтындар көбінесе Ақтөбе (43,6%) және Ұлытау (39,4%) облыстарының тұрғындары болса, доллардың алдағы жылы қымбаттау мүмкіндігін болжағандар Атырау облысы (66,4%) мен Алматы қаласында (65,2%) тұрып жатыр.

Жұмыссыздық аса көп алаңдатпайтын болған…

Шілдеде жұмыссыздықты күту индексі маусымға қарағанда айтарлықтай өскенін байқай алдық (1,3 тармаққа, яғни 72,8 тармаққа дейін), бұл респонденттер тарапынан берілген бағалар біршама тұрақталып, елдегі жұмыссыздық деңгейіне қатысты олардың бойындағы алаңдаушылық деңгейі төмендей түскенін көрсетсе керек. Сондай-ақ бұл бір жылдың ішінде «жұмыссыздар қатары көбейеді» деп есептейтін респонденттер үлесінің төмендеуімен де мүмкін болды (40,7%, – 0,6 п.т.).

Маусым айындағы секілді жұмыссыздық мәселесі бойынша гендерлік айырмашылық айтарлықтай байқалып отырған жоқ (мысалға, жыл басындағы бағалармен салыстырсақ), дегенмен еңбек нарығындағы жағдайға әйелдерге (40,9%, –0,4 п.т.) қарағанда ерлер жағы (40,5%, –1 п.т.) аса көп алаңдай қоймаған. Жұмыссыздық елесі алдындағы үрей негізінен зейнеткер жасына таянғандар (43,3%, –3,3 п.т.) мен зейнеткер жасындағылар (43%, +5,2 п.т.) тарапынан анық байқалған және де биыл шілдеде бұл мәселеге, әсіресе, 60 жастан асқандар көбірек мән берген.

Жұмыс орындарының қысқару мүмкіндігіне алаңдаушылық танытатын тұрғындар әдеттегідей Атырау (51%, –1,6 п.т.) және Маңғыстау (53,2%, +1 п.т.) облыстарында тұрып жатыр, ал Абай (24,1%) және Қызылорда (21%) облыстарының тұрғындарын бұл мәселе айтарлықтай мазалап отырған жоқ.

Кредитке деген сенім оң, бірақ төмен

Маусым айында қазақстандықтардың кредиттік сенімі ұлғайып өскенін ескерсек, шілдеде кредит алуды жоспарлаған респонденттер қатары да арта түскен – алдағы он екі айда әрбір бесінші отандасымыз кредит алудан кет әрі емес (20,2%, +1,4 п.т.). Сол сияқты, ірі ауқымда сауда жасап, бұл мақсатта қарыз алуға ден қойғандар санының өсуі негізінен әйелдер (20,8%, +3,6 п.т.) және ересектеу жастағы жастар (26,7%, +5,9 п.т.) есебінен мүмкін болған. Өңірлер аясында қарастырар болсақ, Жамбыл (26,6%) және Маңғыстау (25,7%) облыстарының тұрғындары кредит алуды жиірек жоспарлаған, ал Ұлытау облысының тұрғындары кредит алуға аса құлықты емес (4,2%).

Әйтсе де, кредит алуды жоспарлағандар саны артқанымен, шілде айында қазақстандық тұтынушылардың кредиттік сенім индексі өзгере қоймаған – бұл тұрғыдағы өсу көрсеткіші 0,1 тармақ, яғни 37,3 тармаққа дейін ғана. Бағалар динамикасына қатысты болжамдар секілді бұл арада да бағалау көрсеткіштері арасында қарама-қайшылық тенденциясы көрініс берді: өз бағасын анықтап, бағамдай алмағандар үлесі төмендеп (22,2%, –2,9 п.т.), осының есебінен қазақстандықтардың арасында кредиттерге қатысты оптимистік (17,3%, + 1,5 п.т.) және пессимистік (49,2%, +1,3 п.т.) сипаттағы бағалар арта түсті.

Гендерлік тұрғыда қарастырар болсақ, кредиттік сенім көрсеткішінің өсуін сәл де болса әйелдер жағы жиірек көрсеткен (+0,3 тармақ, яғни 38,6 тармаққа дейін, ерлерде бұл көрсеткіш 0,3 тармаққа төмендеген, 35,7 тармаққа дейін). Жас ерекшелігі бойынша алып қарағанда кредиттік сенім 18–29 жас аралығындағы жастар тарапынан белсенді өсіп (+0,9 тармақ, 38,7 тармаққа дейін), стандартты динамика көрсеткен. Соңғы айларда ересек топтағы тұтынушылардың кредиттік сенімі біршама өскенімен, шілде айында бұл көрсеткіш ептеп төмендеп қалған (45–59 жастағылар: 36,1 тармақ (–0,6 тармақ), 60+: 37,5 тармақ (–0,1 тармақ). Республика бойынша кредиттік сенім деңгейі шілде айында Қызылорда облысының тұрғындарында жоғары болған (43,9 тармақ, –1,7 тармақ), төменгі деңгей – Атырау облысы тұрғындарына тән (30,9 тармақ, –2,8 тармақ).  

Ал депозиттік сенім шілде айында 0,5 тармаққа, яғни 54,3 тармаққа дейін төмендеп, сәуірдегі көрсеткішке қайта оралған (54,4 тармақ). Бұл арада да өз бағасын дұрыс анықтап, бағамдай алмағандардың үлесі біршама төмендеп (–5,2 п.т., до 22,9 тармаққа дейін), жинақтау құралдарына қатысты пессимистік баға бергендердің пайдасына қарай ауытқыған (+2,8 п.т., 26,7%-ға дейін). 

Депозиттік сенімнің төмендеуі шілдеде негізінен ерлер (–0,5 тармақ, 52,5 тармаққа дейін) мен әйелдердің (–0,6 тармақ, 56 тармаққа дейін) және ең ересек жастағы тұтынушылардың есебінен орын алған (–3,7 тармақ, 47,2 тармаққа дейін). Ал жастар тарапынан керісінше депозиттерге деген сенім біршама жоғары шыққан (өсу көрсеткіші 1,5 тармақ, 61,1 тармаққа дейін). Депозиттерге ептеп болса да сенім артқан тұрғындар Қарағанды облысында (59,1 тармақ)  және Елордада (59,3 тармақ) тұрып жатыр деуге болады, ал Жетісу облысы тұрғындарының депозиттік сенімі біршама төмен (50,7 тармақ).

Жазғытұрым көңіл-күй де жайма-шуақ…

Шілде айында қазақстандықтардың жартысынан астамы өздерін «жайбарақат көңіл-күйде сезіндік» деп есептеген, тіпті бұлардың үлесі ұлғайып келеді деуге де болады (+0,9 п.т., 58,2%-ға дейін), бірақ біздің сауалнамаға қатысқан респонденттердің үштен бірінен астамы (36,7%-ы) өздерін қоршаған ортада мазасыз сезінетіндерін де жасырған жоқ.

Алаңдаушылықтың мейлінше жоғары деңгейі, әсіресе, әйелдер тарапынан байқалды (40,3%, –0,7 п.т., ерлерде: 32,7%, –2,3 п.т.). Респонденттердің жас ерекшелігі бойынша ең жоғары алаңдаушылық көрсеткіші ең ересек жастағы қазақстандықтарға тән – олардың бір жартысы дерлік (44,7%) өздерін мазасыз сезініп жүргендерін ашық айтқан. Бұл санаттағы тұтынушылардың басым бөлігі Батыс Қазақстан облысында тұрып жатса керек (48%), ал Қызылорда облысының тұрғындары алаңдауға дес бергісі жоқ (23,2%).

Өздерін сабырлы көңіл-күйде сезінетін қазақстандықтар қатарының артуымен, шілде айында күйзеліске ұшыраған респонденттер үлесі де азая түскені байқалды (49,3%, –4 п.т.), дегенмен, айта кету керек, соңғы бір айдың ішінде күн сайын стреспен бетпе-бет келген отандастарымыздың қатары ептеп болса да ұлғая түскен (+0,4 п.т., 11,3%-ға дейін). 

Стреске жиі ұшырайтындардың арасында әдеттегідей әйелдердің үлесі басым (12,2%, +2,1 п.т., ерлер – 10,4%, –1,5 п. т.). Жас ерекшелігі бойынша алып қарасақ, жастар жағы стреске көбірек ұшырайтын көрінеді (52,7%). Өңірлер арасында күйзеліске жиі бой беретіндер Жетісу облысында (59,6%), Астана қаласында (59%) тұрып жатса керек, ал Солтүстік Қазақстан (35,3%) және Ұлытау (35,1%) облыстарының тұрғындары стреске аса көп ұшырай қоймайды екен.

Бағытымыз – оптимистік оң аймақ

2024 жылдың шілде айында қазақстандықтардың тұтынушылық сенімі оптимистік аймақта нығайып, сәл де болса өскенін көрсетті. Қазақстандық тұтынушылар өздерінің жеке экономикалық жағдайына қатысты оң болжам жасаса, ел ішіндегі экономикалық жағдайға қатысты біршама ұстамды баға беруде.

Өңірлер аясында алып қарасақ еліміздің барлық дерлік облыстары мен республикалық маңызы бар қалалары тұтынушылық оптимизм аймағында тұр, шілде айында тек үш облыс қана бұл аймаққа ене алған жоқ. Тұтынушылық сенімнің оң аймағына жас шамасы 45–59 жас аралығындағы тұтынушылар барынша жақындап қалды, ал 60-тан асқан қазақстандықтар тұтынушылық пессимизм аймағында тұрақтап, бекіп жатыр.

Халықтың инфляцияны бағалау көрсеткіші өсіп келеді, ал бағалар динамикасының болжамды бағалары полярлық сипат алуда: тұтынушылар өздері берген «ұстамды» деген бағаларын пессимистік сипатта түзетіп жатыр, кейде (сирек болса да) оптимистік бағаларға да өзгертуде. Шілде айында қазақстандықтар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, интернет және мобильді байланыс қызметтері қымбаттай түскенін анық сезінген, ал азық-түліктің негізгі түрлері бойынша бағалардың өскенін сирек байқаған.

Кредит қаражатын алуды жоспарлап отырған тұтынушылардың үлесі өсіп келеді бірақ кредиттік сенімнің өсу көрсеткіші бәрібір баяу. Депозиттік сенім шілде айында төмендей түскен. Есесіне еңбек нарығындағы жағдайға қатысты алаңдап отырған тұтынушылар қатары азайып келеді. Республика халқы арасында стресс, күйзеліс, алаңдаушылық деңгейлері біршама төмен деуге болады, бірақ ел халқын қаржылық қиындықтар, инфляция, тарифтердің өсуі, денсаулық сынды мәселелер бәрібір мазаламай қоймайды.