Tiktok әсерінен туған жаңа тенденция әндердің түпнұсқасын ұмыттырып жібермей ме?

Жарияланды 20 Тамыз 2024 16:38

(жаңартылды 20 Тамыз 2024 16:38)
Светлана Ғалымжанқызы

Светлана Ғалымжанқызы

коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Әлеуметтік желілердегі, әсіресе Tiktok-тағы трендтер ауысқан сайын ескі әндердің жаңғырып, түрлі каверлер жазылып, түрленгенін естіп-көріп жүрміз. Контенттің халыққа ұнамды болуы әуенге тікелей байланысты десек қателеспеспіз. 

ВВС агенттігі «тиктокерлер» көбіне тез таралатын видеоларды әрлеу үшін тұпнұсқа темпін 20-25 пайызға өзгертетінін жазады. Осыдан видеоларда пайдаланылған 15 секунд фрагментпен шектеліп, толық түпнұсқа тыңдалмайды деген мәселе туындайды. Мұндай тенденция әншілерге синглдар чартында алдыңғы қатардан көрінуге мүмкіндік берген. Мәселен, RAYE-нің Escapism әніне жасалған фанаттар синглы әртіске Ұлыбритания синглдар чартында бірінші орын иеленуге жол ашты. Мұндай жетістікке ол ән шыққаннан кейін үш айдан соң қол жеткізген. 

Орындаушылар танымалдықтан бөлек заманауи проблемаға назар салған жөн дейді. Өйткені түпнұсқа мүлдем бөлек болғандықтан тыңдармандардың кавер тыңдағанынан не пайда? Негізі ән ритмін жеделдету жақында пайда болған құбылыс емес. 2000-жылдардың басында норвегиялық екі диджей ән ритмі мен тонын өзгертіп, nightcore деген термин енгізген-ді. Қазірде бұл телефоны бар кез келген адамға мүмкін дүние. Видео өңдеуге арналған бағдарламалардың барлығында дерлік ән, видео, дыбыс жылдамдығын жеделдету функциясы бар. Spotify дерегіне сенсек, 2923 жылы АҚШ тыңдармандарының үштен бірі подкастардың жылдамдығын арттырып тыңдаса, үштен екісі әннің де жылдамдығын арттырып отырған. 

Дижитал музыка мәдениетін зерттеуші доктор Мэри Бет Рэйдің айтуынша, TikTok сияқты қысқа видеоларға арналған платформа тыңдай алу қабілетімізді шектейді, алайда бұл шектеу әнді жаңаша қабылдауға мүмкіндік береді.

«Қысқа видеолар әлеуметтік желі жасаушылары әуелден көксеген дофамин бөлінісіне себеп болады. Сондықтан тәуелділік те пайда болуы ғажап емес», – дейді доктор. 

ВВС Радио диджейі Майа Бет танымал музыканттарға жаңа тенденцияға көңіл бөлмеу мүмкін емеске айналғанын алға тартады. Өйткені музыканттар жеделдетілген нұсқаны өздері шығармаса, оны басқалар дайындап қоюы ғажап емес.

«Жеделдетілген нұсқа әншілерге тез танылуға, жедел таралуға көмектесуі мүмкін. Алайда бұл танымалдықтың ұзаққа бармайтынын естен шығармаған жөн», – дейді радио диджейі. 

Әлбетте, нағыз шеберлер дайындаған кавер нұсқаның тыңдарман телефонмен жасаған нұсқадан бірнеше есе сәтті әрі сапалы болары сөзсіз. Бірақ кей танымал жұлдыздар бұл тенденцияға жақсы қарап, заманға сай жүруге тырысады. Атап айтсақ, Саммер Уолкер 2022 жылы алғаш болып өз альбомының ремикс нұсқасын шығарды. Билли Айлиш те бірнеше әнін бірден екі нұсқада жариялады. 

TikTok тыңдармандар дайындаған каверлердің платформада ресми нұсқалармен қатар тұрғанын айтады. Ұлыбритания синглдар чартында түпнұсқамен, ремикс, акустикалық нұсқаларымен қатар тыңдалатыны да анықталды. Әлбетте, орындаушының көңілі, тоны өзгерді, жоспарланған мәнер жоғалды деп наразы болатындар аз емес. Мысалы, Лил Яти A Cold Sunday әнінің қосымша нұсқаларын естіп, ашуланғанын жасырмады. Сөйтіп, олардың өшірілуін талап еткен. 

Лондондық әнші tonka._.b өз әндерінің жылдамдығын жиі өзгертетінін айтты.

«Әндерімді үш темпте тыңдаймын. Баяу, орта және жылдам темпте тыңдаған ұнайды. Әр кезде әртүрлі қабылдап, сезінемін», – дейді музыкант. 

Ал сіз желіде естіген ремикстердің түпнұсқасын іздеп тыңдайсыз ба? 

Сондай-ақ оқыңыз