Ғылым министрлігі су тасқынынан зардап шеккен өңір түлектеріне квота гранттарын бөлу кезінде заң бұзылды дегенмен келіспейді
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров
Ғылым және жоғары білім министрлігі «өз құзыреті шеңберінде» көктемгі су тасқынынан зардап шеккен өңір түлектеріне білім гранттарының 20%-ын берді. Ведомство бұл шешім заңға ешқандай қайшы келмейтінін мәлімдеді.
ҰБТ-да 100-ден жоғары балл жинаған 10 мыңнан астам талапкер ЖОО-ның білім грантынан қағылды. Өйткені грант үлестіру кезінде тасқыннан зардап шеккен аймақтардың түлектеріне басымдық берілді. Ғылым министрлігі болса төмен балл жинаған, су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың түлектеріне гранттың 20 %-ын бөлу туралы шешім шығарды. Министр Саясат Нұрбек бұл санаттағы гранттарды «төтенше квота» деп атады.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚР қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін құзыреттер шеңберінде және мемлекеттік тапсырысты саралау кезінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің түлектері үшін 20%-ға дейінгі көлемде гранттар қарастырды», – деп жауап берді Ғылым министрлігі «Курсивтің» ресми сауалына.
Грантсыз қалған түлектер әзірге министрлікке ұжымдық арыз-талаппен қандай да бір шағыммен жүгінбеген. Дегенмен түлектерден жеке өтініштер әлі де келіп жатқанын мәлім етті.
«Грант беру конкурсының қорытындысы бойынша тізімге ілікпей қалған талапкерлер жыл сайын министрлікке себебін білу үшін жүгінеді. Ведомство олардың өтініштерін жеке-жеке қарайды», – делінген жауапта.
ҰБТ-да 100 балдан жоғары алғанына қарамастан, қанша түлек грант ала алмады?
Осы жылы мектеп қабырғасын тәмәмдаған түлектер саны 188 245 екенін айта кетейік. Ал Үкімет биыл бакалавриатқа 78 219 грант бөлді. Грант беру конкурсына 104 121 талапкер өтініш тастаған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 10 мың адамға артық.
Сонымен биыл 30 527 талапкер білім грантын иегерлерінің тізіміне ілікпей қалды. (2023 жылы 25 882). Оның ішінде 10 607 адам 100 және одан жоғары балл жинағандар (2023 жылы 8 037 адам). Жалпы түлектердің үштен біріне грант бұйырмады.
Министрлік биыл қандай мамандыққа конкурс жоғары болғанын да атап өтті. Мәселен, стоматология, құқық, қаржы, маркетинг, халықаралық қатынастар, сән және дизайн, журналистика, хореография, сәулет, дене шынықтыру және музыка мұғаліміне сұраныс жоғары болған.
«Мысалы, дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау бойынша бір орынға 11 адам, сән және дизайн бойынша — 9 адам, стоматологияға бір орынға — 35 адам, халықаралық қатынастар мен дипломатияға — 12 адам, құқыққа — 8 адам үміткер болды», — деп хабарлады Ғылым министрлігі.
«Төтенше квота» бойынша қанша талапкер грантқа ие болды?
Ал су тасқынынан зардап шеккен алты өңірдің ішінен грант беру конкурсына 20 986 талапкер қатысқан. Олардың 73%-дан астамы білім грантын жеңіп алды.
«Гранттарды зардап шеккен аймақтардан 15 382 адам немесе 73,6% алды. Оның ішінде 10 170 талапкер жалпы негізде грантқа ие болса, 5212 адам 20% көлемінде бөлінген грант мүмкіндігінің арқасында қол жеткізді», — деп хабарлады ведомство.
Ғылым министрлігі түлектер мен олардың ата-аналарының наразылығына байланысты гранттар қайта бөліне ме деген «Курсив» сауалына жауап бермеді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі білім грантын иеленбеген талапкерлер үшін қосымша грант пен мүмкіндіктер жөнінде ақпарат ұсыну мақсатында арнайы Call-орталығы жұмыс істейтінін хабарлады. Министрліктің мәліметінше, Call-орталық арқылы талапкерлер қосымша гранттар, оқу ақысын жеңілдету сияқты ақпараттарды ала алады.