Жаңалықтар

Кешіккен ұшақ рейсі үшін енді әуе компаниясының басшысы айыппұл арқалайды. Министрдің бұл уәдесі орындала ма?

Әуе рейстерінің кешігуіне негізінен үш фактор себеп болып отыр / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бұдан былай ұшақ кешіккені үшін әуе компаниялар ғана емес, олардың бірінші басшылары, тіпті әуежайлардың өзі де жауапкершілікке тартылатын болады. Нақтырақ айтсақ, ұшақ уақытынан кешігіп жетсе, компания басшысы айыппұл арқалайды. Бұл жайында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Марат Қарабаевтың айтуынша, әуе рейстерінің кешігуіне негізінен үш фактор себеп болып отыр. Ол әуежайлардағы жөндеу жұмыстары, ауа райы мен жолаушылар  ағынының өсуі.

«Ең жылдам дамып жатқан көлік түрі болғандықтан, соңғы үш жылда ұшақты пайдаланатын жолаушылар ағыны өсті. Инфрақұрылым бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жаз мезгілінде жүргізіледі. Алайда бұл маусым қысқа. Әрине, мұның барлығы ұшудың жүйелілігі мен ұшақтардың кешігуіне айтарлықтай әсерін тигізеді,- деді министр Үкіметте өткен брифингте.  

Қарабаев ұшақтардың кешігуін болдырмау мақсатында қандай шара қолданғалы жатқанын айтты.

«Егер қазір ұшақтың кешіккені үшін әуе компанияларына айыппұл салынса, енді біз ұсынатын жаңа механизмде басқаша болады. Бұдан былай айыппұл тек компанияға ғана емес, олардың бірінші басшыларына да салынады. Сондай-ақ әуежайлар да жауапкершіліктен қашып құтылмайды. Барлық жағдайда әуе компаниялар кідірістер үшін жолаушылардың билет құнын толығымен өтейді немесе келесі рейспен жіберетін болады,», – деді министр.

Марат Қарабаевтан журналистер елдегі лоукостер компания саналатын Fly Arystan-ның билеттері неге қымбаттап кеткенін сұрады. БАҚ өкілі лоукостердің әу бастағы мақсаты бүгінде сақталмай отырғанын айтады.

«Лоукосер өз мақсатынан айныған жоқ. Кезінде 12-16 мың теңгеден билеттер шыққанда, мүлдем ұшақпен ұшпаған адамдар да ұшып бастады. Бұл қазақстандықтар арасында жаңа мәдениет қалыптастырды. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда әуежай жолаушылары саны 20 %ға артты. Жалпы Fly Arystan құрылғалы билеттерінің 56%-ы жеңілтетілген бағамен сатылған», – деп жауап берді министр.

Ведомство басшысы билет бағасы мемлекет тарапынан қадағаланбайтынын, бұл нарықтық экономика екенін де еске салды. Дегенмен БАҚ өкілі лоукостер бағасынан Air Astana, Scat әуе компанияларының билеті арзанырақ шығатынын айтады.

«Қазір Алматыдан Астанаға 19 қыркүйекке билет қарап отырымын, 19 мың теңгеден билеттер бар. Жалпы билет бағасының 60 %ын жанар-жағармай құрайды, оған қоса ұшақты күтіп-ұстау, қозғалтқыш секілді бөлшектерінің бағасы шетелдік валютада өсіп жатыр, бұл да бағаға әсер етеді. Скаттың өзі де жеңілдікті билет жүйесін енгізіп жатыр. Бұл әрине жақсы, Fly Arystan болмағанда, билет бағасы қымбатқа сатылар еді», – дейді Қарабаев.

Осыған дейін Марат Қарабаев рейс кестесін бұзған әуе компанияларына жазалау шаралары тағы күшеюі мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Министр жазалау шараларын қатаңдатуға уәде берген еді.