Қазақстандағы 5 облыстың жылу беру маусымына дайындығы 50%-ға да жетпейді — министр
Еліміздегі кейбір өңірлер жылыту маусымына дайын емес. Республиканың 6 өңірінде көмірмен қамту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлері дайын емес аймақтарда бар. Тіпті жоспардың 50%-ын орындай алмай отырған өңірлер де бар. Үкімет үйінде өткен жиында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев осылай деп мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері шамамен 1 млн тонна көмір жеткізілген, бұл жылдық жоспардың 12%-ын құрайды. Мониторинг барысында Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласында, көмірмен қамту жұмыстары төмен екені анықталып отыр.
Қанат Шарлапаев әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылу маусымына дайындауда кенже қалып жатқан өңірлерді де атап өтті. Республиканың 5 өңірінде бұл бағыттағы жұмыстар баяу жүріп жатқанын айтады. Бұл Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы, облыстары және Алматы қаласы.
Ал денсаулық сақтау объектілері дайын емес өңірлер тізімінде тағы да Қарағанды мен Алматы облысы бар. Ақмола, облысы, Шымкент, Алматы қаласындағы аурухана, емханалардың да жылу маусымына дайындығы көңіл көншітпейді.
«Тұрғын үйлер бойынша дайындық жұмыстары 34,169 үй қамтылған, бұл жоспардың 68% құрайды. Шымкент қаласында тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығының төмендігі байқалады», – деді министр.
Ведомство басшысы жылумен жабдықтау желілеріндегі жұмыстардың сапасына да тоқталды. Бұл бағыттағы жұмыстарда да кемшіліктер бар. 5 өңірде желілерді жөндеу бойынша жұмыстар жоспардың 50%-на да жетпейді. Оның ішінде Шымкент қаласында –31%, Маңғыстау облысында – 41%, Атырау, Қостанай және Абай облыстарында – 49% ғана орындалған.
«Автономды жылу көздерін дайындауға тоқталсақ. Республика бойынша алдағы жылыту маусымына шамамен 12 мың автономды қазандықты дайындау қажет. Бүгінгі күнге дайындық жұмыстарының 81% аяқталды, яғни 10 мыңнан астам автономды қазандық дайындық жұмыстарынан өтті. Қазандықтарды дайындау бойынша Астана қаласының артта қалуы байқалады», – деді Қанат Шарлапаев.
Министр автономды қазандықтарды отынмен қамтамасыз ету жұмыстары Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Абай, Алматы облыстарында және Астана қаласында баяу жүріп жатқанын айтты.
Айта кетейік, елімізде жылуға артық төленген 768 миллион теңге қаражат тұтынушыларға қайтарылатын болды. Бұл жұмысты Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті және оның аймақтық бөлімшелері атқарды. Мәселен, жылу үшін Астана тұрғындары 2 279,97 мың, алматылықтар 95 405,36 мың, шымкенттіктер 20 208,83 мың теңге артық төлеген. Қаражат жаңа жылу маусынында тұтынушылардың жеке шотына аванс ретінде түспек.