Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: мұнайға деген сұраныс, ЕО ставкасы бойынша болжамдар, АҚШ-тағы сайлау нарықтарға қалай әсер етеді

Фото: REUTERS/Ernest Scheyder/File Photo

АҚШ-тың қор нарығы президенттік сайлау алдындағы ең құбылмалы кезеңге аяқ басты. Еуропа Орталық банкі қыркүйек айында ставканың төмендейтініне сенімді. Еnbridge болжамынша, мұнайға деген сұраныс артады. Осы және өзге де тақырыптар туралы 20 тамыздағы шолуымыздан оқыңыз.

Goldman Sachs: АҚШ-тың еңбек нарығының аптығы ФРЖ болжағаннан да тез басылады

Goldman Sachs және Wells Fargo экономистерінің пікірінше, сәрсенбі, 21 тамызда жарияланатын еңбек нарығының базалық көрсеткіштері әу баста болжанғаннан әлдеқайда қатты баяулайды. Олардың айтуынша, 2023 жылдың наурызынан 2024 жылдың наурызына дейін жаңа жұмыс орындарының саны кемінде 600 мыңға, яғни айына 50 мыңға артқан. Сонымен қатар Goldman Sachs бұл көрсеткіш 1 млн жұмыс орнына дейін жетуі мүмкін деп санайды. Бұл туралы Bloomberg жазды. JPMorgan-ның болжамы әлдеқайда оптимистік сипатқа ие және нақты статистиканың 360 мың жұмыс орнына артатынын алға тартып отыр.

Егер аталған деректер расталса, онда 501 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту деңгейіне дейін төмендету көзделмек. Бұл кейінгі 15 жылдағы ең қомақты төмендету болмақ. Әрі аталған жағдай еңбек нарығын салқындату ұзаққа созылады дегенді білдіреді. Нақты цифрлар тек жылдың соңында ғана жарияланады.

Қазіргі уақытта BLS деректері АҚШ экономикасына 2024 жылдың наурызына дейін 12 ай ішінде 2,9 млн жұмыс орны немесе айына орта есеппен 242 мың жұмыс орны қосылғанын көрсетеді. Жалпы қайта қарау 1 млн-ға жетсе де, ай сайынғы жұмыс орындарының өсуі орташа есеппен 158 мыңды құрап отыр. Бұл пандемиядан кейінгі шарықтаудан әлдеқайда төмен.

«Теріс мәндегі қайта қарау қарыз алу деңгейі 2024 жылдың сәуіріне дейін төмендегенін көрсетеді», – деп атап өтті Wells Fargo экономистері Сара Хаус пен Обри Весснер.

Олардың пікірінше, бұл ФРЖ-ның ақша-несие саясатын жеңілдетуге деген шешімін нығайтады. Ал ставканың төмендеуі 2024 жылдың қыркүйегінде орын алады.

Қор нарығы АҚШ-тағы президенттік сайлау алдындағы ең құбылмалы кезеңге аяқ басты

MarketWatch жазғандай, қыркүйек әуелден қор нарығының динамикасы тұрғысынан алғанда АҚШ президентін сайлау жылдарындағы ең нашар ай болып саналады. Қыркүйек айында S&P 500 индексі 1944 жылдан бергі статистикаға сүйенсек, айына орта есеппен 0,8% төмендеді.

«Тамыз және қыркүйек тарихи тұрғыдан сайлау өтетін жылдағы ең нашар үш айдың екеуі болып саналады. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері ақпан, тамыз және қыркүйек айларында сайлау жылдарында құлдырау байқалды, ал қыркүйек ең нашар ай болып тіркелген. Дәл осы айда орташа құлдырау былай тұрсын, көрсеткіш өскеннен гөрі жиі төмендеген», – деді CFRA Research компаниясының бас инвестициялық стратегі Сэм Стовалл.

Орташа айлық өсімге қарамастан, қазан орташа есеппен 1%-дық өсім тіркелетін сайлау өтетін жылдарағы ең құбылмалы ай болып саналады. 1944 жылдан бергі айлық кірістің ең жоғары стандартты ауытқуы да дәл осы айда орын алған.

ЕОБ қыркүйек айында тарифтерді қайтадан төмендетуге мәжбүр болуы мүмкін

Финляндия Орталық банкінің басшысы Олли Реннің пікірінше, Еуропа Орталық банкі Еуроодақ экономикасының әлсіздігін ескере отырып, қыркүйек айында пайыздық мөлшерлемелерді қайтадан төмендетуі мүмкін. Олли Рен – 26 адамнан тұратын EОБ басқарушылар кеңесінде болашаққа қатысты тиісті бағыттар туралы өз пікірін ашық айтқан алғашқылардың бірі, деп жазды Reuters.

«Еуроаймақтағы экономиканың өсу қарқынының баяулау қаупі қыркүйектегі ЕОБ ақша-кредит саясатына қатысты келесі отырысында мөлшерлемені төмендету дәлелдерін күшейтті. Егер инфляция сол қарқынмен баяулай берсе, әрине. Жағымсыз жаңалықтар экономикалық өсу перспективаларына қатысты боылп отыр, яғни өндіріс секторында жанданудың нақты белгілері жоқ. Сондай-ақ біз өнеркәсіптік өндірістің баяулауы болжанғандай уақытша болмауы мүмкін екенін де ескеруіміз керек», – деді Рен Нью-Йорктегі Еуропалық-Америкалық Сауда палатасында сөйлеген сөзінде.

Трейдерлер ЕОБ мөлшерлемесінің қыркүйек айында 25 базалық тармаққа, 3,5%-ға төмендеу ықтималдығын 90%-ға бағалап отыр. Осыдан кейін олар 2024 жылдың соңына дейін кем дегенде тағы бір мәрте төмендеу орын алатынына сенімді.

Естеріңізге сала кетейік, маусым айында ЕОБ қарыз алу шарттарын жеңілдеткен әлемдегі алғашқы ірі орталық банктердің бірі болды. Содан кейін шілде айындағы отырыста ставка сақталды, ал Орталық банк өкілдері алдағы 12 қыркүйектегі отырысқа қатысты нақты сигнал бермеді.

Enbridge 2050 жылға қарай мұнайға деген сұраныс жоғары болатынын болжап отыр

Enbridge компаниясының бас атқарушы директоры Грег Эбел мұнайға деген сұраныс алдағы онжылдықтарда да өсе береді деп санайды. Бұл жөнінде Bloomberg жазды. Эбелдің болжамынша, сұраныс тәулігіне 100 млн баррельден асады, бәлкім 110 млн баррельге жетіп қалуы да ықтимал. Бұл халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамынан жоғары (97 млн баррель) және ОПЕК болжамына сәйкес келеді (2045 жылға қарай күніне 116 млн баррель). АҚШ үкіметінің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта әлемде күніне шамамен 102,9 млн баррель мұнай тұтынылады.

«Сұраныстың негізі – экономикалық өсу, әсіресе дамушы елдерде. Алайда Солтүстік Америкада мұнай-газ секторы қысқарып жатыр деп айтуға әлі ерте. Біз мұны, соның ішінде сұранысқа ие сұйытылған табиғи газ экспортының өсуі мысалында көріп отырмыз», – деді Грег Эбел.

Enbridge Солтүстік Америкада өндірілетін шикі мұнайдың 30%-ын тасымалдайды.