Өңдеу өнеркәсібі саласының экономикадағы үлесі төмендеп барады

Жарияланды
Фото: shutterstock

Өңдеу өнеркәсібі – ауыл шаруашылығы шикізатын, орман және балық шаруашылығы өнімдерін, тау жыныстары мен пайдалы қазбаларды өңдеумен немесе  терең өңдеумен айналысатын кез келген елдің ұлттық экономикасының стратегиялық маңызды буындарының бірі.

Дамыған өңдеу өнеркәсібі дәстүрлі түрде мемлекеттің технологиялық қуатын көрсетеді. Ал бүгінгі таңда дамыған елдерде бұл сектор жұмысбастылық пен жұмыс орындарының ауқымды өсу көзі емес, бірақ та дамушы елдер үшін ол экономикалық дамудың негізгі құралдарының бірі.

АҚШ, Германия, Жапония сияқты дамыған елдерде өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-ге қатысты үлесі төмендеу тенденциясымен сипатталады, себебі қызмет көрсету және технологиялық секторлар күшейген. Мысалы, Германияда өңдеу өнеркәсібінің үлесі әлі де жоғары, бірақ қызмет көрсету секторының үлесі біртіндеп артып келеді. Ал Қытай, Үндістан, Бразилия сияқты дамушы елдерде өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-ге үлесі жоғарырақ. Жоғарыда айтқандай, дамушы елдер үшін өңдеу өнеркәсібі экономиканың әртараптандыруға таптырмас экономикалық саладан бөлек, жұмыс беруші, салық төлеуші және жаңа технологияны дамытушы сектор.

Өңдеу өнеркәсібі саласының экономикадағы үлесі үш жыл қатарынын төмендеп келеді

Өнеркәсіптік қызмет аймағына жаңа өндірістерді енгізу үшін 2010 жылдан бастап Қазақстанда өнімділігі жоғары және экспортқа бағытталған өңдеуші өнеркәсіпті құруға бағытталған индустриялық саясатты бастаған болатын. Арада ондаған жылдар өтіп, өңдеу саласында айтарлықтай өзгерістер орын алмады деп айтуға болады.

Ресми мәліметке назар аударсақ, 2021 жылдың І жартыжылдығында өңдеу саласының ЖІӨ-гі үлесі 14,0% құрағанымен  келесі жылдан бастап 3 жыл  қатарынан (І жартыжылыдық) өңдеу саласының экономикадағы үлесі төмендеп келеді: 2022 жылы 13,2%, 2023 жылы 13,1% және биылғы жылдың 6 айында 12,5%-ға дейін төмендеген.

Өңдеу секторындағы  маңызды үш сектор

2022 жылдың 7 ай мен ағымдағы жылдың 7 айындағы өңдеу өнеркәсібін қамтитын салаларды өзара салыстыратын болсақ, өнеркәсіптегі өңдеу саласының үлесі 41,3%-дан   46,7%-ға дейін өсіп, тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібі тау-кен өндіру саласын басып озды. Ресми мәліметке келетін болсақ, өңдеу өнеркәсібінде соңғы 10 жылда позициясын жоғалтпаған  үш сектор: металлургия, тамақ өндірісі, машина жасау. Өңдеу өнеркәсібін қамтиын негізгі салалар соңғы 2 жылда үлестері мынадай болып өзгерді: металлургия 46,9%-дан 40,0%-ға дейін түссе, машина жасау керісінше 13,7% дан 18,0%-ға дейін, ал тамақ өнеркәсібі 13,3%-дан 13,8%-ға дейін үлесін арттырған. Осы аталған  маңызды үш сектор өңдеу өнеркәсібінің 72%-ын қамтамасыз етуде.

Индустриялды аймақтар. Өңдеу саласындағы кәсіпорындар

Республика бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындар саны артып келеді. Мәселен, 2021 жылдың 7 айында 24 474 кәсіпорын тіркелсе, 2024 жылдың тиісті кезеңінде 27 063 кәсіпорын тіркелген. Тіркелген кәсіпорындар саны бойынша Алматы, Астана қалалары көш бастап тұрса, Қарағанды облысында соңғы жылдары төмендеу байқалды. Жетісу облысы мен Шымкент қаласында өңдеу саласындағы кәсіпорындардың ашылуы көбейген. Алматы қаласында републикадағы әрбір төртінші кәсіпорын оңтүстік астанада тіркелген.

Өндіріске тартылған инвестициялар ағыны тарылуда

Covid-19 тараған жылы инвестициялар айтарлықтай азайды. Келесі жылдан бастап экономиканың ковидке дейінгі қалпына келуі орын алып, инвестиция оның ішінде өңдеу саласына тартылған қаржы өсті. Мәселен, 2021 жылдың 7 айындағы дерек бойынша қаржыландыру 88,5%-ға өсіп, рекордтық мәнге жетті. Алайда 2021 жылдан бастап, өңдеу саласына тартылған инвестиция біртіндеп тарыла бастады. Бұл төмендеу 2023 жылдың тиісті кезеңіне дейін жалғасып, 673 млрд теңгеге дейін азайды. Биылғы жылдың 7 айында өңдеу саласын қаржыландыру былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 20,9%-ға өсіп, 813,5 млрд теңгені құрады.

Кәсіпорындар басты инвестор ретінде

Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестициялардың басым бөлігі – меншікті қаражат. 2024 жылдың 7 айындағы дерек бойынша, тартылған инвестициялардың 3/4 бөлігі меншікті қаражат болса,  банк секторының үлесі 10% ға жуықтады. 2014-2024 жылдар аралығында банк секторы өңдеу өнеркәсібін қаржыландыруда тек 2018 жылы 37,9% дейін жетсе, ал қалған  жылдары орташа  8-12% үлестен аса алмай келеді. Кәсіпорындар үшін банк секторынан несие алу қымбат, себебі пайыздық мөлшерлеме жоғары болғандықтан қайтару сомасы айтарлықтай көп. Сондай-ақ техникалық жабдықтауда, бөлшектер алуда импорт құнының жоғары болуы дамуын тежеуде.

Жоспар мен факт

Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі дамуының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында

2024 жылдың қортындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіне тартылуы тиіс инвестиция көлемі 2,4 трлн теңге. Алайда, іс жүзінде, орындалу барысында алшақтық байқалуда, мысалы осы жылдың 7 айында жоғарыда айтылғандай  тартылған инвестиция бізге басқа санды көрсетуде. Сондай-ақ Үкімет қабылдаған тұжырымдамада 2029 жылға қарай өңделген өнім экспортын 36 млрд долларға дейін жеткізу, ал салықтық түсімдер көлемін 5,8 трлн теңгеге дейін арттыру жоспары бар.

Сондай-ақ оқыңыз