Педофилия бойынша күдікке ілінген жетісулық депутат 2 айға қамауға алынды
Жетісу облысында Ақсу аудандық мәслихат депутаты Серікхан Жақыпов педофилия бойынша күдікке ілінген. Қазіргі уақытта 2 айға қамауға алынды. Ол 1 тамызға дейін Amanat партиясының аудандық филиалын басқарған.
«Ақсу аудандық соты 2024 жылы 20 тамызда тергеу органдарының Ж. қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына екі ай мерзімге санкция беру туралы өтінішін қанағаттандырды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ», – делінген Жетісу облыстық сотының хабарламасында.
Amanat партиясы берген ақпаратқа сүйенсек, Жақыпов 1 тамызда партиядан өз еркімен шығып кеткен. Ол «7 жасар ер баланы зорлаған» деген күдікке ілінген.
Ашық дереккөздеріндегі ақпаратқа сүйенсек, Жақыпов 2020 жылдың күзіне дейін Ақсу ауданы әкімінің аппаратын басқарған. 2021 жылы Ақсу ауданы бойынша мемлекеттік қызметкерлердің әдеп жөніндегі уәкілі болған. 2024 жылдың 31 наурызында Ақсу аудандық мәслихатының депутаты болып сайланған.