Ұлттық банк сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.
Brent маркалы мұнайдың бағасы қалай құбылады?
Сауалнаманың негізгі параметрі – мұнай бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импорты, сондай-ақ ұлттық валюта бағамы.
«Осы жылдың тамыз айында мұнай бағасына қатысты сценарий шарттары айтарлықтай өзгеріске ұшырамады. Респонденттердің медианалық күтулері бойынша, 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы орташа есеппен барреліне 83,5 АҚШ доллар деңгейінде қалыптасады (бұған дейін – 83,7 АҚШ доллары). 2025 және 2026 жылғы күтулер 80,0 АҚШ доллар деңгейінде сақталып отыр», – деп атап өтті сарапшылар.
Экономиканың дамуына қатысты болжам
Сарапшылардың болжамынша, 2024 және 2026 жылдарға арналған Қазақстан экономикасына қатысты болжам 4,0% (бұдан бұрын – 4,1%) және 4,4%-ға (бұдан бұрын – 4,5%) дейін аздап қайта қаралды. Мамандардың пайымынша, 2025 жылы бұрынғыдай 5,0% деңгейіндегі өсім қалыптасады.
Инфляция қарқын алуы мүмкін
2024 және 2026 жылдары инфляция 8,0% және 6,0% деңгейінде қалыптасуы ықтимал.
«2025 жылға арналған болжам 6,8%-дан 6,9%-ға дейін аздап нашарлады», – деп хабарлады ҰБ.
Базалық мөлшерлеме бойынша болжам қайта қаралды
Сарапшылардың 2025 жылға арналған базалық мөлшерлеме деңгейі бойынша болжамдары 11,0%-дан 11,9%-ға дейін қайта қаралған. 2024 жылға арналған базалық мөлшерлеме болжамдарының медианалық мәндері 14,4%-дан 14,5%-ға дейін біршама жоғарылады. 2026 жылға арналған бағалаулар өзгерген жоқ.
Бұл ретте сауалнамаға Қазақстан аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 14 ұйым қатысқан. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары және халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер бар.
«Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық банк болжамдары кірмейтінін атап өткен жөн», – деп ескертті бас банк.
Бұған дейін сарапшылар Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамын 4,3%-дан 4,1%-ға дейін төмендеткен еді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның экономикасы 5,1% өскен еді.