Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерден және микрокредиттік ұйымдардан алынатын максималды тұтынушылық несие көлемін бекітті.
Несиелердің шекті сомасы белгіленді
Екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар бұл шекті сомадан жоғары қарыз бере алмайды.
Атап айтқанда талаптар мынадай:
- кепілсіз банктік қарыз бойынша – 2200 АЕК-тен аспайды (2024 жылғы көрсеткіш 8 122 400 теңге);
- кепілмен қамтамасыз етілген банктік несие бойынша – шектеусіз.
Ал микроқаржы ұйымдары берген тұтынушылық микронесиенің сомасы:
- кепілсіз шағын несие бойынша – 1 100 АЕК-тен аспайды (2024 жылы 4 061 200 теңге);
- кепілмен қамтамасыз етілген микрокредит бойынша – «Микроқаржы қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 1-1-тармағында белгіленген сомалар шегінде: ломбардтар берген микрокредиттер бойынша – 8000 АЕК-ке дейін (29 536 000 теңге), микроқаржы ұйымдары берген микрокредиттер бойынша – 20 000 АЕК-ке дейін (73 840 000 теңге).
Айта кететіні, қаулы 2024 жылғы 21 тамыздан бастап күшіне енді.
Несиелер бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме де төмендетілді
Сондай-ақ Қазақстанда несиелердің сыйақысының жылдық пайыздық мөлшерлемесі төмендейді.
Талап банктер мен микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға да енгізілді.
Көрсеткіш мынадай:
- кепілсіз банктік қарыздар бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі (СЖТМ) 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді;
- кепілді банктік қарыздар бойынша (СЖТМ) 40%-дан 35%-ға дейін төмендетілді;
- ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша (СЖТМ) – 25%;
- микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың микрокредиттері бойынша (СЖТМ) 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді.
«Заңмен 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін 50 АЕК (184 600 теңге) дейінгі сомадағы микрокредиттерді реттеудің ерекше тәртібі жойылды», – деп хабарлады ҚНРДА.
Бұған дейін осы микрокредиттер бойынша шекті сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін шектеудің орнына кредит мерзіміне номиналды мөлшерлемесі күніне 1%-ға дейін, бірақ 45 күнде 20%-дан аспайтын мөлшерде белгіленген.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы 20 тамыздан бастап халықтың борыштық жүктемесін төмендетуге бағытталған заңның кейбір нормалары күшіне енді.
Атап айтқанда, енді қаржы ұйымдарына клиентті биометриялық сәйкестендірусіз электрондық қарыздар мен онлайн микрокредиттер беруге тыйым салынады. Сонымен қатар жұбайының келісімінсіз кредит рәсімделмейді.