Домбыра ұшақтың жүк салғышына сыймаса, оған адам сияқты бөлек билет сатып аласыз. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің брифингінде Air Astana компаниясының жерүсті қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті Александр Небога хабарлады.
Оның айтуынша, музыкалық аспаптарды ғана емес, қол жүгін тасымалдауда авиакомпаниялардың барлығына қолданылатын бірқатар ережелер мен стандарттар бар. Олар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінен және әуе кемесінің бортындағы белгілі бір шектеулерден туындайды.
«Ұшақта жүк тасымалының жалпы стандарты бар. Бәрі соған сай жүреді. Ұшақ та, оның жүк салғышы да резеңке емес, сондықтан жүк салғышқа сыймаған нәрсені не жүк түрінде тапсыру керек, не оған билет алу керек. Мен тек домбыра туралы ғана емес, бүкіл аспаптар туралы айтып отырмын», – деді Небога.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Ұшаққа музыкалық аспаппен кіретінін алдын ала ескертуі тиіс» деп министр пікір білдірген еді.
Азаматтар ұшаққа музыкалық аспап алып кіретіні туралы әуе компанияларына алдын- ала ескертуі керек. Ескертсе, оған заңды түрде ешқандай кедергі болмайды, тиісті мүмкіндік қарастыралады. Домбыраны ұшаққа алып күру мәселесіне Көлік министрі Марат Қарабаев осындай пікір білдірді. Ведомство басшысы ұшаққа музыкалық аспаппен ескертусіз келіп, кейіннен шу шығаратын танымал тұлғаларға да ренішін білдірді.