Танымал қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров қыз зорлады деген күдікке ілінді

Жарияланды 21 Тамыз 2024 10:20

(жаңартылды 21 Тамыз 2024 11:25)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Жанқош Тұраров қыз зорлады деп күдікке ілінді / фото: freepick, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Әлеуметтік желіде боксшы Жанқош Тұраровтың қыз зорлады деген күдікке ілінгені туралы ақпарат пайда болды.

Алматы қаласы Әуезов ауданы полиция департаментінің мәліметіне сүйінсек, 2024 жылғы 19 тамызда сағат 23.00 шамасында Әуезов ауданына қарасты 5-шағынауданда зорлау фактісі болды деген хабар келіп түсті. Оқиға болған жерге полиция қызметкерлері жетіп, әйелдің Жанқош Тұраров зорлады деген арызын қабылдады.

Бұл жайлы Алматы қаласының полиция департаменті түсініктеме берді:

«Келіп түскен арызға байланысты Әуезов аудандық полиция Басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 33 жастағы Жанқош Тұраров үйленген 3 баланың әкесі. Кәсіпқой боксшы 2023 жылдың 21 наурызынан бастап — бірінші жартылай орта салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы.

Сондай-ақ Жанқош Тұраров 28 қыркүйекте Алматыда өтетін бокс кешінде жекпе-жек өткізеді деп жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз