Жаңалықтар

Түркістанда жұмыспен қамту саласының қызметкерлері «жалған жұмыскерлердің» арқасында 130 млн теңге жымқырған

Түркістанның еңбек мобильділігі орталығы қызметкерлері кәсіпорын басшыларымен сөз байласып, ақша жымқырған / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Түркістанның еңбек мобильділігі орталығы, құжат жүзінде рәсімделгенімен іс жүзінде жұмысқа тұрмаған адамдарға 130 млн теңге төлеген. Бюджет қаражатын жымқыру фактісін Қаржы мониторингі агенттігі анықтаған.

Агенттік Түркістан облыстық прокуратурасымен бірге Халықты жұмыспен қамту саласы бойынша бөлінген бюджет қаражатын талан-таражға салу деректеріне қатысты бірнеше қылмыстарды әшкерелеген.

Атап айтқанда «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің жауапты тұлғалары «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында қаражат жымқырған. Орталық қызметкерлері субсидияланған жұмыс орындарына қатысушы тұлғалардың жалақыларын төлеу барысында бірқатар кәсіпорындардың басшыларымен сөз байласқан. Солайша бұл мекемелерде іс жүзінде жұмыс істемейтін 132 азаматтың жеке деректерін «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізіп, олардың атына аударылған айлық жалақыларын иемденіп отырған.

«Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің қызметкерлері мемлекетке 130 млн теңгеден астам залал келтірген», – деп хабарлайды ҚМА.

Айта кетейік, көктемде Қаржы мониторингі агенттігі гидротехника нысандарын күтіп-ұстауға бөлінген 1 млрд теңгенің жымқырылғанын анықтады.

Сондай-ақ агенттік ХҚКО қызметкерлерінің Қазақстанға жаңа көлік ретінде ескі көліктерді жалған құжатпен тіркеп кіргізіп, бюджетке шамамен 14 млрд теңге шығын келтіргенін хабарлады. Осы қылмыстық фактілерге қатысты мамандандырылған ХҚКО-ның 59 лауазымды тұлғасы мен мемлекеттік органдар қызметкерлері тексеріледі.