5-6 қыркүйекте «Astana Finance Days 2024» конференциясы өтеді: онда қандай мәселелер қамтылады?
5-6 қыркүйекте «Astana Finance Days 2024» халықаралық қаржы конференциясы өтеді. Шараны «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырып жатыр. Онда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, капитал нарықтарының өңірлік дамуы сынды мәселелер қозғалады. Бұл жайлы АХҚО баспасөз қызметі хабарлады.
«Astana Finance Days 2024» (AFD) конференциясы Еуразия өңірінде жыл сайын өткізіледі. 2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл шарада қаржы саласының жетекші сарапшылары, инвесторлар мен бизнес-көшбасшылары бас қосады. AFD алты жылдан бері сала мамандарын тоғыстыратын платформа ретінде қызмет етіп келеді.
Жыл сайын шараға әлемнің 70-тен астам елінен 3000-нан астам адам қатысады. Бұл көрсеткіштер платформаның Орталық Азияның қаржылық өміріндегі маңызын айшықтайды. Конференция алаңында мемлекеттік органдардың өкілдері, қаржы саласының сарапшылары кездеседі. Инвесторлар мен бизнес басшылары қаржы саласының қазіргі заманғы проблемаларын, үрдістері мен мүмкіндіктерін талқылау үшін жиналады.
Visa, Freedom Holding Corp, Kaz Minerals сынды компаниялар бұл конференцияның алтын серіктестері, ал Solidcore Resources, Eurasian Bank, MYD Production – күміс серіктестері саналады.
Биылғы шарада «Инновация, Инвестиция, Серпін» бағыттары қамтылады. Сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, капитал нарықтарының өңірлік дамуы, венчурлық инвестициялар, активтерді басқару саласын дамыту әлеуеті, креативті индустрияға инвестициялар, жасанды интеллектің даму үрдістері, орнықты қаржыландырудың жаңа құралдары, Орталық Азиядағы «жасыл» экономиканың дамуы мен өсуі, исламдық және өтпелі қаржыландыру, қаржы индустриясындағы инновациялар және т.б. тақырыптар қозғалады.
«Конференцияда сондай-ақ қаржы орталығының қатысушы компанияларымен сындарлы диалог жүргізуге және оларға қолдау көрсетуге жәрдемдесуді көздейтін AIFC Community бастамасы аясында панельдік сессиялар өтеді», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сессия барысында қатысушылар қандай компаниялар және қандай себептермен өз бизнесі үшін Орталықты таңдайтынын, АХҚО құқығын корпоративтік басқаруға енгізу іс жүзінде қалай өтетінін жөнінде ақпарат беріледі. AIFC Community аясындағы сессиялар іскерлік байланыстар орнатуға және АХҚО қатысушыларының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін түсінуге ықпал ете отырып, олардың қызметімен танысу және өзара қарым-қатынас жасау үшін мүмкіндіктер ашпақ.
Сондай-ақ AFD шеңберінде гендерлік теңдікті ілгерілетуге және дауларды шешу саласындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған «Arbitral Women» іс-шарасы өтеді.
Бұдан бөлек конференция аясында бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылады деп күтілуде.
Инвестициялық мүмкіндіктерді зерделеу, нетворкинг және өңірдегі соңғы қаржылық үрдістер мен оқиғалар туралы ақпарат алмасу үшін АХҚО баршаны осы конференцияға қатысуға шақырады. Шараға мына сілтеме арқылы тіркелуге болады.