Алматы полиция департаменті соңғы кезде балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбейіп кеткенін хабарлады. Жыл басынан бері мұндай 623 жағдай тіркелген. Оның біреуі қайғылы аяқталған. Осыған орай қалалық полиция үндеу жариялап, жолда сақтық танытуға шақырды.
«Бүгінгі күні Алматы жолдарындағы жағдай қиын. Өкінішке орай, жол-көлік оқиғаларынан балалар жиі зардап шегеді. Биылғы жылдың басынан бері Алматыда балалардың қатысуымен 623 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке орай, апат салдарынан 1 бала қайтыс болып, тағы 664 адам жарақат алды. Бұл алаңдатарлық статистика. Сондықтан қала тұрғындарынан балаларға қамқорлық танытып, оларға жолды дұрыс кесіп өтуді үйретуін сұраймыз. Жасөспірімдерге мотороллер мен мопедтердің руліне отыруға жол бермеңіз», – деп ескертті қалалық ІІБ Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алматы полициясының подполковнигі Асхат Құлбаев.
Құзырлы орган мұндай апаттардың алдын алу мақсатында қалада «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатқанын хабарлайды. Бұл шара жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және оның салдарларының ауырлығын азайтуға, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің жолын кесуге бағытталған. Әсіресе, жаңа оқу жылы басталатын кезде жолдарда жағдай күрделене түседі. Сол мақсатта полиция жолдағы белгілерді жаңартып, балалардың жолдан қауіпсіз өтуіне бағытталған іс-шараларды жүргізіп жатыр.
Бірінші кезекте, арнайы құрылған топ жалпы білім беру мекемелеріне іргелес жатқан жол учаскелеріне тексеру жүргізіп, олардың «Балалардың жол қауіпсіздігі» бағдарламасы бойынша жабдықталу деңгейін бағалаған.
Содан кейін, жергілікті полиция қызметінің жауынгерлік бөлімшелері мектеп жанындағы патрульдік бөлімшелердің құрамын әзірлеген. Олар оқу басталған сәттен бастап мектептерде қызмет етіп, қозғалысты үйлестіреді сондай-ақ оқушылардың жолдан дұрыс өтуіне көмектеседі.