Аппеляциялық сот Арыстанбек Мұхамедиұлының үкімін өзгеріссіз қалдырды

Жарияланды
Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі соты Арыстанбек Мұхамедиұлының үкімін өзгеріссіз қалдырды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Асқар Ахметуллин

Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі соты экс-шенеунік Арыстанбек Мұхамедиұлының үкімін және басқаларына қатысты үкімді апелляциялық сотта қарап, өзгеріссіз қалдырды. Бұл жайлы Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

«2024 жылғы 21 тамызда Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен А.Мұхамедиұлы және басқаларына қатысты қылмыстық іс апелляциялық тәртіпте қаралды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Мұхамедиұлы мен басқа сотталушылар Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2029 жылғы 29 ақпандағы үкімін аппеляцияға берген.

Ол кезде сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салу арқылы аса ірі мөлшерде ұрлауды ұйымдастырғаны, рейдерлік әрекетке бағытталғаны, өкілеттіктерін теріс пайдалануды ұйымдастырғаны үшін мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын.

Ал А. Нұразхан кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салу жолымен, аса ірі мөлшерде ұрлауға қатысқаны үшін мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылған.

Сотталушы А. Кошенов пен А. Садвокасова кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде талан-таражға салу жолымен ұрлауға жәрдемдескені үшін коммерциялық және өзге де ұйымдарда 10 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдармен айналысу құқығынан айырыла отырып, 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, оның үкімінің орындалуы 5 жылға кейінге қалдырылған.

А. Сатубалдин мен Л. Кочетов кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде, талан-таражға салу жолымен ұрлауға қатысқаны үшін мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға, Г. Жуаспаева өкілеттігін асыра пайдаланғаны және көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған.

Артынша Г. Жуаспаева «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының негізінде негізгі жазадан, ҚК 385-бабы 3-бөлігі бойынша ҚК 71-бабы 1-бөлігінің 1-тармағы бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған болатын.

Сот барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне 3,5 млрд теңгеден астам сомада келтірілген залал өндірілген.

Бірінші сатыдағы сот А.Мұхамедиұлы және басқалары лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салу жолымен, аса ірі мөлшерде ұрлауды ұйымдастырып, оған қатысқаны анықтады. Бірақ қорғаушылар, сотталғандар және олардың адвокаттары сот үкімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсірген.

«Астана қалалық сотының сот алқасы шағымдардың дәлелдерін зерделеп, процеске қатысушыларды тыңдап, қылмыстық істің материалдарын зерттеп, сотталғандардың кінәсінің дәлелденгені туралы сот қорытындыларымен келісті. Бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жою немесе өзгерту үшін негіздер анықталмады», – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген.

Еске сала кетсек, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Дипломат» қонақүйі және Ұлттық музейге қатысты қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға сотталған болатын.

Ал 5 шілде күні Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның адвокатына қатысты сот үкімі аппеляциялық тәртіпте қаралып, өзгеріссіз қалғаны хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз