Жаңалықтар

Форбс-Қазақстан тізімінде 33-орында тұрған бизнесмен Қазақстан Даму Банкінен қарыз алып, құс фабрикасын салады

Алматы облысында жылына 26,5 тонна құс етін өндіретін фабрика құрылысы басталады / Фото: kursiv.media

Қазақстан Даму банкінің қаржыландыруымен Алматы облысында құс фабрикасының екінші кезегінің құрылысы басталады. Фабрика 2025 жылы толық іске қосылып, жылына 26,5 тонна құс етін өндіретін болады. Бұл жайлы ҚДБ баспасөз қызметі хабарлады.

«Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы саналатын «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ «Прима Құс» ЖШС-нің Алматы облысында бройлер етін өндіру және қайта өңдеу бойынша заманауи құс фабрикасының екінші кезегін салу жөніндегі жобасын қаржыландыру үшін кредиттік желі ашады. Тараптар тиісті келісімге қол қойған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл стратегиялық маңызды жоба – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және халықты жоғары сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Фабрика 2025 жылы іске қосылғаннан кейін, өнім шығару көлемі артады деп күтілуде.

«Фабрика ол кезде жылына 26,5 тонна құс етін өндіретін болады. Бұл шамамен 700 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Ал жобаның жалпы құны 10,9 млрд теңгені құрайды. ҚДБ соның 8,4 млрд теңгесін 9 жылға несиеге береді. Ал компания өз тарапынан жобаға 2,5 млрд теңге жұмсамақшы.

Бұл қаражат агроөнеркәсіп кешенінде азық-түлік және сусын өндірісі секторында инвестициялық жобаларды қолдаудың 2024-2029 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы аясында бөлінеді.

«Бағдарламаны іске асыру елдің АӨК және азық-түлік өнеркәсібіндегі өндірістік қуаттарды кеңейтуге, сондай-ақ жоғары қосылған құны бар өнім шығару көлемін ұлғайтуға ықпал етеді, бұл отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады», – дейді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.

Сондай-ақ аталмыш құс фабрикасы ҚДБ-ның Қазақстан құс фабрикаларының қуатын арттыру бойынша жобалар пулына кіреді. Бұл жобалар келешекте жылына 200 мың тонна құс етін қосымша өндіруге мүмкіндік береді. Мұндай көлем қазіргі уақытта өндірілетін 328 мың тонна өніммен бірге елдің құс етіне деген ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуге жол ашады. Одан бөлек өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік ашылмақ.

«Бізге бизнесіміздің ерекшелігін түсінетін және оны дамыту үшін ең қолайлы жағдай ұсына алатын сенімді серіктес табу маңызды болды. ҚДБ осы талаптарға толық сәйкес келеді», – деп атап өтті «Прима Құс» ЖШС бас директоры Алексей Залевский.

Жоспар бойынша ҚДБ қаржысы құрылыс-монтаж жұмыстарына және жабдық сатып алуға бағытталмақ. «Прима Құс» ЖШС-нің кімге тиесілі екенін тексеріп көрдік. Компания құрылтайшылары ретінде – Гарбер Александр Лазаревич пен Залевксий Алексей Николаевич көрсетілген.

Александр Гарбер – Қазақстан мен Қырғызстанда жұмыс істейтін тұтыну тауарларын тарату саласындағы ең ірі компаниялардың бірі «Прима Дистрибьюшн» ЖШС-нің негізгі иесі. Ол сондай-ақ «Прима Құс» ЖШС және «Прима балмұздақ» ЖШС акцияларына ие. Оның байлығы 282 000 000 долларды құрайды. Forbes Қазақстан тізімінде ол 33-орында тұр.

Еске сала кетсек, Қазақстан алдағы екі жылда құс еті өндірісін екі есеге арттырып, экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Мамырда Қазақстанның Даму банкі 285 млрд теңгені құрайтын 14 жобаны қаржыландыратыны туралы хабарланды. Бұл жобалардың ішінде 4 ірі жоба бар. Олар – Алматы облысындағы «Прима құс» ЖШС (3 кезең жылына 35 мың тонна), «AITAS KZ» АҚ жылына 120 мың тонна, Жамбыл қаласындағы «Алел Агро» АҚ 25 мың тонна және Ақмоладағы «Canadian Chicken Limited» жеке компаниясы жылына 12,5 мың тонна өндірмек. Бұл жобаларды іске асыру мерзімі 2025-2026 жылдарға жоспарланған.