Қазақстандық ғалымдар маймыл шешегіне қарсы вакцина шығаруға дайын 

Жарияланды 21 Тамыз 2024 14:40

(жаңартылды 21 Тамыз 2024 18:26)
Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

Тілші s.ostemir@kursiv.media
Қазақстандық ғалымдар маймыл шешегіне қарсы вакцина шығаруға дайын  / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның ғалымдары маймыл шешегіне қарсы вакцина шығаруға әзір. Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазбиофарм» ұлттық холдингі және індеттерді зерттейтін бірнеше институт мәселе қозғап, қоздырушыларға қарсы ғылыми шешімдерді табуға әрекет етіп жатыр. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары институты Денсаулық министрлігіне вакцина жасау мәселесі бойынша хат жазып, өз мүмкіндіктері туралы ақпарат хабар жолдаған. 

Маймыл шешегі індеті туралы алғаш сөз бола бастаған кезде-ақ қазақстандық вирусологтар «мемлекеттен тапсырыс болса, мұның қолдан келетін іс» екенін айтқан. 

«Маймыл шешегі індеті бүгін ғана шыққан нәрсе емес. Төрт-бес жылдан бері тарап келеді. Алдымен Африкадан Еуропаға келген. Қазір елу елге таралып үлгерді. Кәдімгі шешек ауруының қоздырушысына ұқсас. Бұл бұрын тек қана маймылдар арасында ғана таралып келген қоздырушы еді. Бірақ соңғы бес-алты жылдың ішінде адамдардың ағзасына көшіп, эпидемия тудырып жатыр», – дейді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары институтының Аса қауіпті аурулар зертханасының Бас ғылыми қызметкері Лесбек Құтымбетов.

Десе де бұл – қауіпті аурулардың бірі. Бірақ COVID-19 секілді жылдам таралатын індет емес. Бірақ адамға қатері бар. Талай шекараларды артқа тастап, әлемнің бір қиырынан екінші қиырына ұшақпен небәрі бірнеше сағатта жететін дәуірде Денсаулық сақтау саласы қолға алған сақтық шаралары артық етпейтіні анық. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегі індетіне байланысты төтенше жағдай режимін жариялады. Сондай-ақ вакцина шығарушыларға маймыл шешегі індетіне сынамалардың мәліметтерін беруге шақырған. Қазақстан ғалымдары да қауіпті вирустарға қарсы күресте адамзат үшін пайдасын тигізе алады. COVID-19 пандемиясы кезінде Қазақстан вакцина шығарған саусақпен санарлық елдің тізіміне кірген болатын. 

Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне келесі пандемияға әзірлікті бастау үшін ғылыми зерттеулер жүргізудің кең көлемді стратегиясын әзірлеуге шақырып отыр. Қазақстандық вирусологтардың пікірінше, бұл ұйым бекер дабыл қақпайды. Бірнеше елдердің медицина саласы берген ақпараттарды талдап, тұжырым жасайды. Содан кейін ғана дүниежүзіне хабарлайды.

«COVID-19 пандемиясы 2020-2023 жылдар аралағында басымыздан өтті. Негізінде бұл індет ешқайда кеткен жоқ. Қазірдің өзінде де ел арасында бар. Әртүрлі штамдары өзгеріп, халық арасында жүр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратынша, COVID-19 қоздырушысы өзгеріп, қауіптірек штамдары келе жатқанын хабарлады. Еуропа және Америкада вирустар тарап жүр», – дейді Лесбек Құтымбетов. 

Ғалымның айтуынша, COVID-19-дың қай штамы болса да, емдеуі, алдын алуы өте қиын қоздырушы болып табылады. Инфекциялық аурулардың арасындағы ең қиындарының бірі. Ғалымдар оны мұқият зерттеп жатыр. Десе де әлі де оның түбіне жетіп, сырын аша алмай жатыр. Себебі мутациялық қабілеті өте жоғары. Геномында ғылымға белгісіз механизмдер бар. Олар қоздырушыны өте жылдам өзгертіп отырады. Сондықтан иммунитетке оңай беріле бермейді. Жұқтырған адамдарды бірнеше айлардан кейін басқа ауруларға шалдықтыратын жаман қоздырғыш болып отыр. 

«Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келесі пандемия туралы ескертпе жасап, жаңа қоздырғыштарға дайын болуға шақырып жатыр. Медицина мен биоқауіпсіздік салалары дайындық үстінде. Індетпен қалай күресу жолдары, алгоритмдері жасалып жатыр», – дейді вирусолог. 

Қоздырғыштарының өзгергіштік қасиеті өте жоғары болғандықтан, ғалымдар QazVac-ты жаңа штамдарға қарсы тұра алатындай етіп жақсартуға күш салуда. COVID-19-тың түрлі штамдарын қарсы жұмыс әлі де тоқтамаған. 

Қауіпті вирустарға қарсы амалдар көп өзгермеген. Ол – вакцина салдыру, көпшілік орындарда маска тағып жүру.  

«Бұл – пандемиялық індет. Сондықтан бүкіл халық болып күреспесе, жалғыз медицинаның қолынан ештеңе келмейді. «Құдай сақтанғанды сақтайды» деген сөз бар, әр адам өзін сақтауға ұмтылуы керек», – дейді ғалым. 

Мұның алдында Қытай маймыл шешегінің таралуына байланысты алты айға туристерге бақылауды күшейтетіні, коронавирус пандемиясынан кейінгі халықтың өмір сүру ұзақтығы бойынша 25 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш тіркелгені туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз