Жаңалықтар

Қазақстан жарты жылда импорттық дәрі-дәрмекке 1 млрд доллардан артық қаржы жұмсады

Еліміз дәрілік заттарды көбіне Германия, Үндістан және Италиядан сатып алады / Фото: kursiv.media 

Қазақстан импорттық дәрі-дәрмектерге жарты жылда 1 млрд АҚШ долларын жұмсады. Ресми статистикаға сүйенсек, еліміз дәрілік заттарды көбіне Германия, Үндістан және Италиядан сатып алған. 

Қаңтар-маусым айларында 1,06 млрд долларды құраған дәрі-дәрмек импортының мұндай көрсеткіші 2019 жылдан бері болмаған. Бюро мәліметінше, жыл сайын импорт номиналды түрде 56%-ға өскен. Алайда күрт өсу деңгейі бұған дейін де болған. Дәл осындай жағдай 2 жыл бұрын болған еді. Алайда ол уақыттағы көрсеткіш 39%-ды құрады. Бұл қазіргіден әлдеқайда төмен екенін аңғаруға болады.

Шетелден импортталған дәрі-дәрмектердің көлемі де өткен жылдың рекордын жаңартты. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, бұл 38%-ға көп.

Қазақстан дәрі-дәрмекті бірнеше елден сатып алады. Соның ішінде көбіне Германия, Үндістан, Италия, Ресей елдерінен келетін өнімдер басымдыққа ие. 

  • Германия – 16% (173,3 млн доллар);
  • Үндістан – 9% ($93,4 млн);
  • Италия – 7% (74,1 млн доллар);
  • Ресей – 6% (58 млн доллар).

«6 айда Қазақстанның өзінде 87,3 миллиард теңгеге (194,4 миллион доллар) дәрі-дәрмек өндірілді», – делінген DataHub ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, Денсаулық министрлігі дәрі-дәрмек бағасын бақылап отыру үшін Dari.kz қосымшасын іске қосты. Ведомство осылайша дәріханалардағы өнім бағасын қадағалап отырмақшы.

Дәрі-дәрмек бағасы қымбаттап кетті

Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Денсаулық министрлігінің дәрі-дәрмек бағасын дұрыс бақыламайтынын айтқан болатын. Жүргізілген аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласында 36 жүйелік кемшілік анықталған. Сонымен бірге палата төрағасы мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қадағаламайтынына назар аударған. Айтуынша, бұл өндірушіге 2000%-ға дейін үстеме баға белгілеуіне жол ашады. 

Жоғарғы аудиторлық палата тексерісінен кейін, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын төмендетуді көздеп отырғаны хабарланды. Бұл делдалдарды алып тастау және дәрі-дәрмектерді тікелей өндірушілерден сатып алған жағдайда жүзеге асады.

Осыдан кейін Ақмарал Әлназарова фармацевтика компанияларын дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге шақырған болатын. Ол фармкомпанияларды «әлеуметтік жауапкершілік танытуға» үндеді.