Үкімет студенттеріне жатақхана тауып бермеген университеттерге лицензиялық талап енгізеді
Елдегі университеттер студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге міндетті болады. Бұл талапты орындамағандарға лицензия берілмейді. Сондай-ақ бұл өрескел құқық бұзушылыққа жатады. Бұл жайында Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан айтты.
Университеттер барлық студентті жатақханамен қамтуға міндетті
Жатақханамен қамту мәселесін шешуде нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілген. Өзгеріске сәйкес, енді университеттер барлық студентті жатақханамен қамтуға міндетті болады.
«Барлық ЖОО-лар қабылдаған студенттерді міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз ету талабы жалпы білім беру қызметін жүргізетін лицензиялық талап болып енгізілді. Студент грантта оқыса да, ақылы форматта оқыса да, университет оны жатақханаға қабылдауға міндетті. Бұл талапты орындамау өрескел құқық бұзушылық болып танылып, университеттерге лицензиялық талаптардың орындалуының қаншалықты деңгейде жүргізілгендігі туралы сұрақ туындайды. Бүгінде бұл талапты барлық университет біледі, себебі бұл тек қана ауызша айтылып отырған талап емес», – деді ол.
Жатақханадан орын ең бірінші кімдерге беріледі?
Спикер жатақханадан орын бөлген уақытта басымдық кімдерге берілетінін де түсіндірді.
«Жатақханалардағы орынды бөлген кезде бірінші кезекте жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектегі бар азаматтарға, ауыл квотасы шеңберінде грант алған балаларға, қандастарға, аз қамтылған отбасыдан шыққан азаматтарға басымдық беріледі. Сонымен қатар «Серпін» жобасы аясында білім алған жастарға жатақханадан орындар беріледі», – деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары.
Ал жоғарғы курс студенттеріне жатақханадан орын жетпеген жағдайда, оларға университеттер жекеменшік әріптестік аясында салынған жекеменшік жатақханалармен келісімшарт жасасып, сол жақтан орындар ұсынуы тиіс.
Студенттерге арналған дағдарыс орталығы жатақхана тапшылығын шеше ала ма?
Сондай-ақ Астана мен Алматыға оқуға түскен студент жатақханаға орналасқанға дейін кризистік орталықтарда уақытша тұруына болады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары университеттер жанынан ашылған дағдарыс орталықтар жайлы да мағұлмат берді.
Комитет өкілінің айтуынша, Астана мен Алматыдағы екі универститет жанынан дағдарыс орталықтар ашылған. Енді басқа қаладан келген студенттер тұратын жер тапқанша немесе жатақханаға орналасқанға дейін дағдарыс орталықтарын паналай тұруына болады.
«Әрбір университеттің жанында кризистік орталықтар жұмыс жасайды. Бұл кризистік орталықтар жолдан келген бала далада қалып қалмас үшін, орын тапқанша жататын орын болып табылады. Министрлік бүгінгі күні кризистік орталықтарды жатақхана тапшылығы көп байқалатын Астана, Алматы қалаларында ашып отыр. Мәселен, Алматы қаласындағы М.Тынышпаев университетінде 30 орынға арналған, ал Астанадағы Еуразия университетінің жатақханасында 20 орынға арналған кризистік орталықтар жұмыс істеп тұр», — деп мәлімдеді Ақерке Абылайхан ОКҚ алаңында өткен баспасөз брифингінде.
Жатақхана мәселесі қашан шешіледі?
Спикердің сөзінше, биыл 10 576 орынға арналған жатақханалар салынады деп жоспарланған. Нақтырақ айтсақ, осы жылы 27 жатақхана құрылысы аяқталуы тиіс. Бүгінде 17 жатақхананың құрылысы аяқталған.
«3 жатақхана Түркістан облысында, Жамбыл, Атырау облыстарында 1 жатақханадан, Павлодар облысында 1 жатақхана, Алматыда – 1040 орындық 4 жатақхана, Шымкентте – 930 орындық 3 жатақхана, Астанада – 1207 орындық 3 жатақхана, Қостанайда – 324 орындық 1 жатақхана салынып, биылғы оқу жылында пайдалануға беруге дайын», – деді спикер.
Айта кетейік, осыған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматы мен Астанадан басқа барлық аймақта жатақхана тапшылығы мәселесі шешілгенін мәлідеді.