Қытай автобрендтері отандық автонарық көшбасшыларын ығыстырып жатыр

Жарияланды 22 Тамыз 2024 19:46

(жаңартылды 22 Тамыз 2024 18:51)
post.authors.0.name

Анастасия Маркова

«Тұтыну нарығы» бөлімінің редакторы
Фото: Илья Ким

2024 жылдың жеті айының нәтижесі бойынша Қазақстандағы ең танымал үш бренд – Hyundai, Chevrolet және Kia  сатылымы айтарлықтай қысқарды. Есесіне қытайлық көліктердің сатылу қарқыны өскен.

2023 жылғы керемет нәтижелерден кейін (198 686 жаңа автокөлік, өткен жылмен салыстырғанда +60%) 2024 жылы сатылым төмендейді деп күткен сарапшылардың болжамына қарамастан, автокөлік дилерлері әзірге жаңа автокөліктерді сатудың жоғары шегін сақтай алды. Жеті айдың қорытындысы бойынша, жылма-жыл салыстырғанда айырмашылық болмашы ғана  – 1%-дан аз (2023 жылы 102 040 көлік, 2024 жылы 101 394 көлік). Қазақстан автокөліктер одағы осындай мәліметтер (соның ішінде коммерциялық көліктер) келтіріп отыр.

Нарықты былтырғы жылғы деңгейде ұстап тұруға қытайлық брендтер «сүйеу» болып отыр

Қазақстанның автокөлік одағының мәліметтері бойынша, 2024 жылдың жеті айында сатылған Chery және Haval автокөліктерінің өсімі былтырғы жылдың осындай кезеңінде сатылғандармен салыстырғанда 50% шамасында болды, ал Jac көліктерінің сатылымы мүлде екі есе өскен. Жоғарыда айтылған брендтерден басқа сатылым бойынша көшбастап тұрған ондық қатарында Jetour (+1376,3%), Changan (+58,9%) және Geely (+166%) бар.

«Қазір өсім көрсетіп жатқан қытайлық брендтерді алып қарайтын болсақ,  өткен жылдың осындай кезеңінде олар нарыққа енді ғана шыққан немесе көлемін ұлғайтып жатқан.Сондықтан былтыр олардың көрсеткіштері аз болды», – дейді Қазақстан автокөлік одағының (ҚАУ) президенті Анар Мақашева.

Шынымен де, егер сатылымды сандық мәнде алып қарайтын болсақ, ең көп сатылған үш көлік – Hyundai Chevrolet және Kia екенін көреміз. Бұл көліктердің 2023 жылға қарағанда аз сатылғанына қарамастан, өз позицияларын әлі де ұстап тұр. Ал осы айдың жеті айының қорытындысы бойынша олардың нарықтағы жиынтық үлесі қысқарып, 45% болған (былтырғы жылдың осындай кезеңінде 65%). 2023 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша Hyundai-дың нарықтағы үлесі 26% болған, ал қазір оның үлесі 22%. Ал Chevrolet болса  2023 жылдың осындай кезеңіне қарағанда, 60%-ға аз сатып, өз үлесін мүлде 25%-дан 10%-ға дейін қысқартып жіберген. Былтырғы жылы екінші орында болған бұл көлік маркасы қазір үшінші орында.  Chevrolet орнын басып, бір саты жоғары көтерілген Kia-ның сатылымы тек 8,3%-ға ғана түскен.

Бұл үш брендте Қазақстанда шығарылады. Қазақстанның автокөлік одағының мәліметі бойынша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Allur  38 691 (бір жыл бұрынғыдан –12,5%), Hyundai Trans Kazakhstan мен Hyundai Trans Almaty – 19 330 (бір жыл бұрынғыдан–22,4%) көлік шығарған.

«Қазір елге келіп жатқан қытайлық көліктер нарықты жаулап алды деп айтуға әзірге ерте. Алдағы уақытта отандық өндірушілер көш басын бермейді. Қазір қазақстандық өндірушілерде уақытша статистикалық төмен көрсеткіш болып тұр. Себебі былтырғы жылы олардың көрсеткіші жоғары болған.Оған дағдарысқа және басқа да себептерге байланысты нарықтағы кейінге қалдырылған сұраныс себеп болды. Ал 2023 жылы өндірушілер осы сұранысты қанағаттандыра алған. 2024 жылы нарық қалыпты жағдайға келіп жатыр. Сондықтан салыстырмалы түрде алғанда көрсеткіште төмендеу байқалады. Ал, шын мәнісінде, отандық брендтер бұрынғыша жетекші орында», –деді Мақашева.

Оның айтуынша, биылғы жылы отандық өндірушілер бірқатар қиындықтарға тап болған. Мысалы, Chevrolet өндірісінде құрамдық бөліктердің кешігуі немесе Hyundai-ға арналған уақытша сақтау қоймалары (УСҚ)сияқты.  

«Маусым және шілдеде өндіру бойынша Hyundai Trans Kazakhstan-да ең төмен көрсеткіш болады. Бұған 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында кедендік рәсімдеу үшін аумақты анықтауға түзетулер енгізілгені себеп болды. Енді заңды тұлға резидент болса, мысалы, Алматы қаласында, ол кедендік рәсімдеуден өтіп, уақытша сақтау қоймасын тек Алматы қаласында ғана пайдалануы керек. Hyundai Trans Kazakhstan өнеркәсіптік аймақта орналасқан, сондықтан оларға Алматы облысындағы уақытша сақтау қоймаларын пайдаланған жақсы. Бірақ индустриялық аймақ заңды түрде Алматы қаласына тиесілі болғандықтан, олар әдеттегі уақытша сақтау қоймасын пайдалана алмады», – деп түсіндірді ҚАО басшысы.

Оның айтуынша, Hyundai зауыты машинаның құрамдас бөлшектерін жеткізуге қатысты туындаған қиындықтан екі ай бойы екі ауысымның орнына бір ауысымда жұмыс істеген. Жағдай тек тамыз айында ғана реттелген, енді осы уақыттан бастап өндіруші қалыс қалған көлемнің орнын толтырмақшы.

Қоймалар басқа себептерге байланысты да толып тұрмауы мүмкін: «Өткен жылы танымал қытайлық емес брендтер қатарындағы кейбір модельдерді биылғы жылы жаңарту жоспарланғаны туралы белгілі болды. Тиісінше, рестайлингтен өткен автомобильдер немесе жаңа ұрпақ көліктері нарыққа шығарылған кезде ойыншылар қоймаларды дайындап, сатып алуды азайтып, көліктің жаңа үлгілерінің қорын жинай алатындай етіп, қолданыстағы көліктерді сатады», – деді Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарян.

Нарықтағы үлестерді бөлуге «қытайлық» фактор да тікелей әсер етуі мүмкін

Кейбір брендтердің жергілікті өндірісіндегі қиындықтардан басқа үлестерді бөлуге «қытайлық» фактор да тікелей әсер етуі мүмкін. Артур Мискарян 10 маусымда Алматыда өткен KURSIV AUTO 2024 форумы барысында Қытай нарығының тоқырауына байланысты таяу жылдары қытайлық автокөлік брендтерінің көбейетініне болжам жасаған. Сол форум барысында JAC Motors Qazaqstan маркетинг және тұтынушыларға қызмет көрсету департаментінің директоры Нариман Бектұров қытайлық көлік өндірушілер сатылымды ынталандыратын қаржылық өнімдердің алуан пакеттерін ұсына отырып, бюджеттік сегменттегі қолжетімділіктің арқасында өз үлесін арттырып жатқанын атап өтті.

«Мұның барлығы нақты бюджетті сегменттегі көліктерді қарқынды өсіреді. Нарықтағы бұл орынды қытайлықтар алып отыр, өйткені олар арзан, сапасына лайықты және өз ақшасына жақсы сатылады», – деді Бектұров.

«Бүгінде қазақстандық сатып алушы Қытайдан шыққан көптеген көліктің атақты бәсекелестерден еш кем түспейтінін білді. Қытайлық брендтердің танымдылығы көліктердің технологиясы және баға мен сапаның оңтайлы теңгеріміне байланысты артып келеді. Қалтаға салмақ салмайтындай ақшаға қытайлық өндірушілер стильді дизайнды, жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін опциялардың кең ауқымын, сондай-ақ озық технологиялық шешімдерді ұсынады. Бұдан басқа тартымды кепілдік шарттары, сондай-ақ уәкілетті дилерлік орталықтардың кең желісі және қосалқы бөлшектердің болуы сияқты артықшылық та айтуға болады. Сонымен қатар қытайлық брендтерге тиімді қаржылық бағдарламалары бар», – деп түсіндіреді Orbis Automobile автокөлік тобының бас директоры Динара Искакова.

Өткен жылмен салыстырғанда жеті ай ішінде сатылымы төмен болған жалғыз қытайлық бренд – Exeed. «Exeed премиум-бренд және оның сатылымының төмендеуіне қазақстандық нарыққа Қытайдан жаңа брендтер мен модельдердің енуі әсер етті. Бұл ретте осы кезеңде біз нарықта негізінен арзан көліктердің сатылымның өсуін байқаймыз», – деп атап өтті Ысқақова.

Сондай-ақ оқыңыз