Қазақстандықтар әскерде жүріп бас-ми жарақатын алған Ербаян Мұхтардың еміне 140 млн теңге жинады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстандықтар Ербаян Мұхтардың еміне 140 млн жинады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтар әскерде жүріп бас-ми жарақатын алған сарбаз Ербаян Мұхтардың еміне 140 млн теңге жинап берді. Бұл туралы «Курсивке» сарбаздың қоғамдық қорғаушысы Инга Иманбай хабарлады.

Қорғаушының айтуынша, қазір сарбаздың туыстары оны емдей алатын клиника іздеп, әртүрлі елдермен байланысып жатыр. Ербаян Оңтүстік Корея немесе Германияға емге баруы мүмкін.

Қаржы жинау туралы ақпарат жариялаған Лола Исраилованың айтуынша, Ербаянды тасымалдауға арналған санавиация құнының өзі 25 000 000 – 60 000 000 аралығында болмақ. Бұған қоса, емдеудің қанша айға созылатынын, құны қанша болатынын әлі де белгісіз. Қазір сарбаздың туыстары қаржы жинауды әрі қарай жалғастыру туралы шешім қабылдап жатыр.

«Қайда бару керек, кімге жазу керек, қайда қоңырау шалу керек, дәрігерлерді, клиниканы қалай табуға болатынын білмейміз. Отбасына емдеуді үйлестіру, ауруханаға жатқызу үшін ел мен клиниканы таңдауға көмек қажет», – дейді өз жазбасында Лола Исраилова.

Ербаян Мұхтар 6 ай бұрын әскерде жүріп, бас-ми жарақатын алғаннан кейін комаға түскен. Қорғаныс министрлігі оның азаматтық емханада қаралуына рұқсат бергенімен, емхана 15 тамызда сарбазды үйге шығарып жіберген. Осыдан кейін оның отбасы қазақстандықтардан көмек сұрап, Ербаянның еміне қаржы жинауға шот ашқан.

Қорғаныс министрлігі іске байланысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғаған.

Айта кетейік, осыған дейін 2024 жылдың 15 мамырында әскерге кетіп, 9 маусымда комаға түскен қатардағы сарбаз Нұржігіт Асанұлы туралы да жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз