Жаңалықтар

Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Гүлмира Сатыбалды 13 жылға сотталуы мүмкін / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Прокурор Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыны 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы оны тұлғаны заңсыз бас бостандығынан айыру, бопсалау туралы баптар бойынша кінәлі деп атады.

«Соттан Гүлмира Сатыбалдыны кінәлі деп тануды сұраймын. 126-бап бойынша – 6 жыл 8 ай, 194-бап бойынша – 10 жыл, 389-бап бойынша – 6 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Жазаны қосу арқылы орташа қауіпсіздік мекемесінде 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Осыған дейінгі Қызылорда сотының үкімін ескере отырып, қорыта келгенде 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді мемлекеттік айыптаушы Алмаз Байбарақов.

Сатыбалдымен қатар, сотталушылар орындығына жайғасқан Мәди Батыршаевты тұлғаны заңсыз бас бостандығынан айыру ісі бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Прокурор оған 6 жыл 8 ай орташа қауіпсіздік колониясында бас бостандығынан айырып, алдыңғы үкімді ескергенде қорытынды жаза 10 жылға бас бостандығынан айыру болғанын сұрады.

Отырыс барысында айыпталушылар тарапы судья Мартпек Кәкімжановқа бірден екі рет қарсылық білдірді. Алайда қарсылықты қараған судьялар кеңсесі оны негізсіз деп таныды.

Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаевқа Сатыбалдының күйеу баласы әрі бизнес-серіктесі Абай Жүнісовті 165 күн қамауда ұстады деген айып тағылып отыр. Бұған дейін шағымданушылар Сатыбалдыдан 11 млрд теңге өндіріп алуды сұраған.

Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. 2005 жылға дейін Қайрат Сатыбалдымен некеде болған. Ортақ 3 баласы (ұлы Бауыржан және екі қызы Аружан мен Дария) бар.