Гүлмира Сатыбалды ісі: жәбірленушілер 11,5 млрд теңге өндіріп алғысы келеді
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының үстінен сотқа шағым түсті. Шағыданушылар 11 млрд теңге өндіріп алмақшы. Оның 8 млрд теңгесі моральдық шығынды өтеуі тиіс. Шағымды сотта жәбірленуші деп танылған Абай, Алтай және Қасым Жүнісовтер түсірген.
Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Гүлмира Сатыбалды мен оның жүргізушісі Мәди Батыршаевтың ісі қаралып жатыр.
Мемлекеттік айыптау Гүлмира Сатыбалды өзінің күйеу баласы әрі бизнес-серіктесі Абай Жүнісовті 165 күн қамауда ұстағанын айтқан.
Отырыс барысында сотталушыларға миллиардтаған теңгеге талап қойылды. Абай Жүнісовтің адвокаты Рашид Теңізбаев Сатыбалды Батыршаевтың көмегімен Жүнісовті қамап ұстау кезінде оның және туыстарының атындағы мүлікті басқа адамдарға аударуға мәжбүрлегенін атап өтті. Сондықтан жәбірленушілер қатарына Абай Жүнісовтен бөлек оның екі бауыры Қасым мен Алтай Жүнісовтер қосылған.
«Жәбірленуші (Абай — ред.) Жүнісовке сотталушылар Сатыбалды мен Батыршаев тарапынан 2,7 млрд теңге көлемінде материалдық шығын келтірілді», – деді адвокат Рашид Теңізбаев.
Оның айтуынша, бұл сома компаниялардың, Астана мен Алматыдағы пәтерлердің, Алматыдағы кеңселердің, 2016 жылғы автомобильдің және мұнай кен орнының құны.
Бұдан бөлек, адвокат Жүнісовтің моральдық шығыны 8,3 млрд теңге деп бағаланғанын айтты.
«Осы соманы толық көлемде өндіріп алуды сұраймыз. 2018 жылы Жүнісов пен Ресейдің «ВТБ банк» АҚ арасында жасалған заңсыз банктік кепілдікті есептен шығарудан басталады. Қазіргі уақытта Жүнісовтің банктік шоттарына тыйым салынды. Kaspi банкіндегі қарыз сомасы — 8 млрд теңге. Қарыз жасанды түрде жасалған. Бұл кез келген адамға моральдық тұрғыдан қысым болады «, – деді адвокат.
Тағы бір жәбірленуші Қасым Жүнісов сотталушылардан 333 млн теңге және моральдық шығын, үшінші жәбірленуші Алтай Жүнісов 209 млн теңге көлемінде материалдық шығын өндіріп алуды сұрайды.
Түсірілген шағымның жалпы соммасы 11,5 млрд теңге болды. Сатыбалды мен Батыршаев талаптармен келіспеді.
Гүлмира Сатыбалды деген кім?
Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. 2005 жылға дейін Қайрат Сатыбалдымен некеде болған. Ортақ 3 баласы (ұлы Бауыржан және екі қызы Аружан мен Дария) бар. Бұған дейін ол 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
Байқоңыр ауданының соты Гүлмира Сатыбалдыны Қылмыстық кодекстің 389-бабының 4-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.
2023 жылдың маусым айында Қызылорда соты Гүлмира Сатыбалдыны тағы 8 жылға бостандығынан айырды. Бұл істе бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру бабы бойынша қаралған. 7 адамнан тұратын топ сөз байласып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салып, 441 млн теңге жымқырған.