Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап іске қосылатын бастапқы дилерлер институты немен айналысады?
1 қыркүйектен бастап мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында бастапқы дилерлер институтын енгізу рәсімдері басталады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі хабарлады.
Аталған рәсімдер бастапқы дилерлер тізімін анықтауды, жүйенің жұмыс форматын айқындауды және қажетті құжаттарды әзірлеуді қамтиды.
«Бастапқы дилерлер институты мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған негізгі функцияларды атқарады. Бастапқы дилерлердің міндеттері мемлекеттік бағалы қағаздарды сатудың алғашқы аукциондарына белсенді қатысудан бастап, екінші нарықтың өтімділігін қолдауға дейінгі кең ауқымды қызметті қамтиды», – деп нақтылады министрлік.
Ең маңызды мақсаттардың бірі – республикалық бюджетті қаржыландырудың тұрақты негізін құру, инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздарды еркін сатып алуы мен сатуын қамтамасыз ету, сондай-ақ екінші нарықтың транспаренттілігі мен өтімділігін арттыру.
Сонымен қатар бастапқы дилерлер институтын енгізу мемлекеттік бағалы қағаздардың ішкі нарығының дамуын айтарлықтай жеделдетеді, сауда ортасын барынша серпінді және өтімді етеді. Бұл шаралар инвесторлардың сенімін нығайтуға мүмкіндік беріп, мемлекеттік бағалы қағаздардың ішкі нарығының тұрақты өсуі мен дамуына алып келеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет шығындарын қысқартатыны туралы хабарлаған едік.