Қытайдың Гуанчжоуында ұшқышсыз әуе таксиі сынақтан өткізілді. Бұған дейін АҚШ-та кеңінен тарала бастаған жаңа буын көліктері енді «аспан асты елінде» де кеңінен қолданыла бастайды, деп хабарлады Bloomberg басылымы.
«Кішкентай ұшақтың ішінде 1-2 ғана адам отыра алады. Ол ұшқыш емес, жолаушы», – деп сипаттады көлікті Bloomberg News тілшісі.
Қытайдағы таныстырылымды сынақ рейсі орындалды. Әуе көлігін жергілікті EHang Holdings Ltd компаниясы құрастырған. Бұл әлемдегі алғашқы ұшқышсыз ұшатын коммерциялық электротакси болмақ.
Осыған дейін бұған ұқсас әуе көлігі АҚШ-та таныстырылған еді. Аталған құрылғыны жасаушылар жолаушыларды Манхэттеннің орталығынан қала әуежайларына бірнеше минут ішінде жеткізуді мақсат еткен.
Morgan Stanley 2040 жылға қарай осы жаңа буын рейстерінің әлеуетті нарығы 1 трлн долларды құрауы мүмкін деп есептейді.
«Егер бұл болжам шындыққа жанасса, онда он жылдан аспайтын уақытта әлемде адамдар бұл көлікті такси және жүктерді тасымалдау қызметі ретінде қолдана бастайды», – деп жазды Morgan Stanley.
Еске сала кетсек, 2020 жылы елімізде ұшқышсыз ұшатын аппараттар құрастырылатыны туралы хабарланған.
2022 жылы «Қазақстан инжиниринг» ҰК» ЖШС отандық ұшқышсыз ұшағын таныстырды.