Алдағы жылдары тұрғын үй бағасы қымбаттай ма? Сарапшылар болжамын ұсынды
Алдағы жылдары тұрғын үйдің бағасы қымбаттайды. Мәселен, 2024 жылы 4,3%, 2025 жылы 5,8%, 2026 жылы 6,8%-ға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Halyk Finance сарапшысы Ақбөбек Ахмедярованың болжамында жазылған.
Жыл басында жаңа нысандарды пайдалануға беру қарқыны бәсеңдеді
Ақбөбек Ахмедярованың пайымынша, 2024 жылдың басында тұрғын үй нарығында жаңа нысандарды пайдалануға беру қарқыны бәсеңдеді. Ақпан айында бұл көрсеткіш жыл сайынғы 3,4%-ға төмендеді. Кейін наурызда аздап динамика байқалды, бірақ маусымда өсу қайтадан 1,1%-ға дейін баяулады.
«Дегенмен өткен жылдың деректеріне сүйене отырып, нарықтағы белсенділік жылдың соңына қарай күшейген. 2024 жылдың қалған айларында құрылыс жұмыстары жеделдеп, үкіметтің 18 млн шаршы метр тұрғын үй салу көрсеткішіне жетуі мүмкін», – деп тұжырымдады маман.
Пәтер сатылымы арта ма?
Жыл басынан бері Қазақстандағы тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны құбылды. Талдауға сүйенсек, айлық белсенділік қаңтарда 16,1% төмендеген. Ал ақпанда 3,7%-ға бәсеңдеп, наурызда – 13,6% құлдырады. Сәуірде белсенділік 18,4% артты, дегенмен жылдық көрсеткіш 0,6% төмендеген.
«Мамыр және маусым айларында тұрғын үй саудасы өсті. Маусымда транзакциялардың ай сайынғы өсімі 6% және жылдық өсім 10,3% болды. Жыл басындағы бәсеңдеуден кейін нарық қалпына келе бастады», – деді сарапшы.
Тұрғын үй саудасына «Наурыз» және «Отау» ипотекалық бағдарламалары қалай әсер етеді?
Жылжымайтын мүлік нарығында 2024 жылдың қаңтар-мамыр аралығында 184 мың тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілесі тіркелді. Жыл соңына дейін мәмілелер саны 380 мыңға жетуі ықтимал. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3%-ға артық.
«Наурыз» және «Отау» ипотекалық бағдарламаларының іске қосылуы нәтижесінде сатып алу мәмілелердің саны тиісінше 12 мың және 7 мыңға артады.
«Бұл бастамалар Қазақстанның жалпы жылжымайтын мүлік нарығына аздап әсер етеді деп болжаймыз», – деді Ақбөбек Ахмедярова.
Тұрғын үй бағасы қымбаттай ма?
Сарапшылардың болжамынша, жаңа үйлердің бағасы 2024 жылы 4,3%, 2025 жылы 5,8%, 2026 жылы 6,8%-ға дейін өсуі мүмкін.
Қайталама тұрғын үй бағасы 2024 жылдың соңына қарай жыл сайынғы 2,7%-ға артып, 2025 жылы 6,2%-ға дейін өседі. Жалға берілетін тұрғын үй бағасы 2024 жылғы 3,5%-дан 2025 жылы 5,2%-ға дейін біртіндеп өседі.
«Инфляция бәсеңдегендіктен, 2026 жылы қайталама нарықтағы үйдің және пәтерді жалға алу бағасының өсуі баяулайды», – деп қорытындылады сарапшы.
Қазақстандағы тұрғын үй бағасын болжау үшін мамандар нарықтық үрдістерді және экономикалық көрсеткіштерді кешенді талдау жүргізген. Мысалы, жаңа тұрғын үйлерді пайдалануға беру қарқыны, ЖІӨ-нің жылдық өсімі, инфляциялық үдерістер, халық кірісінің өсу қарқыны сияқты факторлар ескерілген.
Еске сала кетсек, наурызда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 3% өсіп, қайталама нарықтағы баға 3,3% төмендеді. Ал шілдеде Ақтөбе, Талдықорған мен Қызылордада жаңа пәтерлер қымбаттаған.
Тамызда жалға берілетін тұрғын үй бағасы өсті. Сарапшылар бұл өсім жыл соңына дейін сақталатынын айтады.