2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 835 шетел азаматы еңбек етеді. Олардың дені – қытайлықтар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше еңбек мигранттары келетін негізгі елдер мыналар: Қытай – 4 248 адам, Өзбекстан – 1 956 адам, Түркия – 1 146 адам, Үндістан – 1 066 адам.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар:
Біріншісі, басшылар мен олардың орынбасарлары. Олар үшін 559 рұқсат берілген.
Екіншісі, құрылымдық бөлімшелердің басшылары. Оларға 2 502 рұқсат берілді.
Тартылған шетелдік жұмыс күшін негізгі бөлігі – үшінші санат. Оларға мамандар жатады. Қазір 5 097 маман жұмыс істеп жүр.
Төртінші санатта – білікті жұмысшылар. Олардың саны – 538 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 860 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 279 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 806 жұмыс беруші бар. Оларда 428,3 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл – қызметкерлердің жалпы санының 96,8 пайызы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтін – құрылыс саласы. Онда 4 825 адам еңбек етеді. Ал ауыл, орман және балық шаруашылығында – 1 895 адам, әкімшілік және көмекші қызметтерде – 1 577, тау-кен өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда – 1 377 адам, өңдеу өнеркәсібінде 1 351 адам бар.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота еліміздегі жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 21,5 мың бірлік мөлшерінде белгіленген.