Алматының «28 гвардияшыл-Панфиловшылар» саябағындағы қонақүй құрылысы заңсыз емес пе: Досаев не дейді?

Жарияланды (жаңартылды )
Қала тұрғыны 28 Панфиловшылар саябағында қонақүй сот үкіміне қарамастан, заңсыз салынып жатқанын айтты / коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы тұрғыны 28 Панфиловшылар паркінде қонақүй заңсыз салынып жатқанын айтады. Оның ақпаратына сәйкес, бірнеше жыл бұрын сот болып, нысанның заңсыз салынып жатқаны анықталып, құрылысты тоқтату туралы шешім шығарған. Алайда сот шешіміне қарамастан құрылыс жалғасқан. Бұл қонақүйдің құрылысы неге жалғасып жатқанын қала басшысы Ерболат Досаев түсіндіріп берді.

Қала тұрғынының айтуынша, нысан табиғатты қорғау аймағында салынып жатыр.

«28 Панфиловшылар паркінде салынып жатқан 18 қабатты қонақүйге қатысты маған архитектуралық органнан 5 хат келді. Онда нысанның заңсыз екені айтылған. Бұл нысан табиғатты қорғау аймағында салынып жатыр. Ол жерде мәдени мұра саналатын Офицерлер үйі тұр. Менің бастамаммен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бұл істі сотқа беріп, онда жеңді. Сот құрылысты тоқтату туралы шешім шығарды. Алайда осы күнге дейін сот үкімі орындалмай жатыр»,  – дейді қала тұрғыны.

Оның айтуынша, жақында бұл нысанға жаңадан сәулетші тағайындалған. Ол қайтадан сәулеттік жоспарлау тапсырмасын әзірлеп, жоба эскизін мақұлдаған. Осыдан кейін қала тұрғыны бірнеше мекемеге барған. Бірақ барлық жерде оған бұл құрылыстың заңды негізде салынып жатқаны айтылған. Осыдан кейін бұл мәселемен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүгінген.

«Мен Сыбайлас жемқорлық қарсы іс-қимыл агенттігіне өтініш білдірдім. Антикор кіріскеннен кейін, құрылыс комитетіне сұраныс жіберіп, шілде айында тексеру жүргізілді. Нәтижесінде олар сәулеттік жоспарлау тапсырмасы мен жоба эскизінің заңсыз әзірленгенін анықтады. Олар сәулет басқармасына бұл туралы хат жолдаған. Бірақ соған қарамастан, қонақүй әлі де салынып жатыр. 2022 жылы 2 қабаты салынып қойған ғимараттың биіктігі қазір 14 қабаттқа жетті. Менің бір ғана талабым бар – бұл ғимарат сүрілуі керек»,  – деді тұрғын.

Ал Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бұл нысанның заңды негізде бой көтеріп жатқанын айтады. Сонымен бірге әкім қонақүйдің саябақ аумағында тұрмағанын, жер учаскесінің жекеменшікке тиесілі екенін атап өтіп, қаланы барынша заң талаптарына сай дамытуға тырысып жатқанын жеткізді.

«Біріншіден, бұл саябақ табиғи қорғау аймағы болып саналмайды. Екіншіден, нысан 28 Панфиловшылар паркінің аумағына кірмейді. Менің аталмыш жоба жөнінде хабарым бар. Бұл жерде сіз айтқандай 18 қабатты ғимарат тұрғызылмайды. Жобаны біз сәулетшілермен бірге ақылдаса отырып талқыладық. Бұл қонақүй Алматының Бас жоспарына сәйкес келеді», – деді әкім.

Сонымен бірге Досаев бұл жерде алғашқыда дизайн академиясын салмақ болғанын, бірақ оның құрылысы бірталай жыл жүзеге аспай тұрып қалғанын атап өтті. Ал нысан маңында тұрған Офицерлер үйіне тиесілі жерде инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, онда парк салу туралы шешім қабылданғанын жетізді.

«Қалаға жақсы қонақүй керек. Себебі Алматыда қонқүй тапшы. Қазіргі таңдағы тапшылық 30 мың қонақүй номерін құрайды. Осы жылы 2 млн турист келеді деп күтілуде. Соның 600 мыңы шетелден келеді», – дейді шаһар басшысы.

Еске сала кетсек, Алматыда екі жыл ішінде 40-тан астам заңсыз ғимарат сүрілген. 40 нысанның 22-сі өткен жылы бұзылған. Ал жыл басынан бері 18 заңсыз салынған нысанды бұзу туралы шешім шыққан. Небәрі жарты жылда бұзылған нысандар өткен бір жылдың көрсеткіштеріне жуықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз