ҚМГ Қытайдың Sinopec және CNPC компанияларымен бірлесіп, Қазақстанда карбамид және полиэтилен зауыттарын салады

Жарияланды
Полиэтилен және карбамид зауыттарының жалпы құны 9,5 млрд долларды құрайды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«ҚазМұнайГаз» Қытайдың Sinopec және CNPC компанияларының қатысуымен полиэтилен және карбамид зауытын салады. Бұл жайлы ҚМГ баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қытайға сапары барысында аталмыш компаниялардың басшыларымен кездесіп, жобаға қатысты келіссөздер жүргізген. Сонымен бірге мұнай-газ химиясы, геологиялық барлау, мұнай өңдеу және тасымалдау саласындағы ортақ жобалар жөнінде де сөз қозғаған.

ҚМГ басшысы CNPC президенті Хоу Цзицзюнмен кездесіп, Жаңажол мұнай өңдеу зауыты базасында карбамид зауытын салу мәселесін талқылаған. Бұл жоба Қазақстанның газ-химия саласы мен ауыл шаруашылығы үшін маңызды саналады. Өйткені карбамид – жоғары сұранысқа ие азотты тыңайтқыш. Қазақстанда бұл тыңайтқыш түрін тұтыну көлемі 350-400 мың тоннаны құрайды. Шілде айында ҚМГ және CNPC арасында ынтымақтастықты арттыру және карбамид пен басқа да өнімдерді өндіру бойынша келісімге қол қойылған.

Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін ҚМГ-ның еншілес компаниясы «KMG PetroChem» ЖШС мен «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бірге әзірлеу бойынша келісімге келген. Бұл зауыттың өндіріс қуаты жылына 1,2 млн тоннаға дейін жетеді деп болжанып отыр. Ал жобаның жалпы құны — шамамен 1,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Зауыттың құрылысына 3 мың жұмысшы жұмылдырылмақ. Ал зауыт пайдалануға берілген соң онда 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен бірге Қазақстан тарапы технология лицензиарларымен және карбамидті экспортқа шығару үшін тыңайтқыштар саудасымен айналысатын әлемдік көшбасшы компаниямен де келісімге отырған.

CNPC-мен бұдан бөлек геологиялық барлау жобалары, Өріктау кен орнынан шығатын газды өңдеу, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының өткізу мүмкіндігін ұлғайту мәселелерін де талқылаған.

Ал Sinopec компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнмен кездесу барысында Хасенов инвестиция көлемі 8 млрд АҚШ долларынан асатын полиэтилен, терефтал қышқылы және полиэтилентерефталат өндіру бойынша ортақ жобаларды талқылаған.

Бұл орайда ҚМГ Sinopec компаниясымен бірлесіп, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп, оны FEED кезеңіне өткізу шараларын жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ кездесуде геологиялық барлау саласындағы перспективалы жобалар сөз болды.

CNPC (China National Petroleum Corporation) — негізі 1988 жылы қаланған Қытайдың жетекші мұнай-газ компаниясы. Негізгі қызмет бағыттары: мұнай мен газды барлау және өндіру, мұнай өңдеу, мұнай химия өнімдерін шығару, мұнай өнімдерін сату. Сондай-ақ CNPC – әлемдегі ең ірі қоғамдық мұнай-газ компанияларының бірі PetroChina-ның бас компаниясы.

Sinopec (China Petroleum & Chemical Corporation) — Қытайдағы ең ірі мұнай-химия компаниясы, 2000 жылы негізі қаланған. Негізгі қызмет бағыттары: мұнай және газ өндіру, мұнай өңдеу, мұнай химиясы өнімдерін шығару, мұнай өнімдерін сату.

Еске сала кетсек, Қазақстан Қытай және Ресей компанияларымен бірлесіп, 7,7 млрд долларға газ-химия кешенін салады. Салынатын зауыт үлесі үш компанияға тиесілі болады. Онда «ҚазМұнайГаз үлесі» – 40%, SINOPEC үлесі – 30%, СИБУР үлесі– 30% құрайды. Полиэтилен өндіретін болашақ зауыттың жобалық қуаты — жылына 1,25 млн тонна. Кәсіпорын Қарабатандағы арнайы экономикалық аймақтың аумағында Теңіз кен орнына (Атырау облысы) жақын жерде салынады.

Сонымен бірге Қазақстан Қытай және Ресей компанияларымен бірлесіп, Жамбыл облысында ірі химия кешенін салады. Ресейлік «ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясы мен Қытайдың «China National Engineering Company» бірлесіп,  Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында қуаттылығы жылына кемінде 1 млн тонна құрайтын зауыт құрылысын бастауды көздп отыр. Инвестицияның жалпы көлемі 1 млрд долларды құрайды 

Сондай-ақ оқыңыз