Жаңалықтар

Абайлаңыз! Алаяқтар Антикор атын жамылып, WhatsApp, Telegram арқылы жалған ақпарат тарата бастаған

Алаяқтар жалған аккаунт ашып, Антикор атынан хабарлама жібереді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Алаяқтар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің атынан жалған аккаунт ашып, WhatsApp, Telegram мессенджерлерінде жалған ақпарат тарата бастаған. Бұл жайлы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мессенджерлерде (WhatsApp, Telegram және т.б.) Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы мен қызметкерлерінің атынан жалған аккаунттар құрған және жалған ақпарат тарататын алаяқтар туралы ескертеді»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Агенттіктің хабарлауынша, алаяқтар Антикор символикасы бар арнайы жасалған құжаттардың файлдарын жібереді.

Осы орайда агенттік жалған ақпараттық таратуларға сенбеуді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді, сондай-ақ қолма-қол ақша аудармау қажет екенін ескертеді.

Ал егер осындай қоңыраулар мен хабарламалар алған жағдайда, бұл фактілер туралы Құқық қорғау органдарына дереу хабарлау ұсынылады.

Ескерте кетсек, алаяқтар халықты алдаудың түрлі тәсілін пайдалана бастаған. Алаяқтар Қаржы мониторингі агенттігінің атынан телефон шалады. Арам ниетті алаяқтар сұхбат барысында Қазақстан резиденттерінің банктік шотынан қылмыстық жолмен алаяқтардың қаражат ұрлағалы жатқаны туралы ескертеді. Олар осы мақсатта банктік операциялар тоқтатылғанын мәлімдейді. Ал одан әрі қарай банктік шоттардың реквизиттерін, заңмен қорғалатын және жария етуге жатпайтын құпия деректерін сұрай бастайды.  

Ал мұның алдында Алматы әкімдігі алаяқтардың Досаевтың атынан хат жолдай бастағаны туралы хабарланды. Сондай-ақ алаяқтар жаңа әлеуметтік төлем тағайындалатынын айтып алдауға кіріскен.