Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша қызметі «Қазақ газ өңдеу зауыты» АҚ директорының үстінен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Ол аукцион өткізбестен заңсыз сату арқылы ірі көлемде мекеме мүлкін ұрлады деген күдікке ілініп отыр. Келтірілген залал 65 миллион теңгеден асып жығылады. Соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу әлі жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мақсатында басқа ақпарат жария етілмейді.
Айта кететін жайт, 2023 жылы ақпан айының басында Болат Байшуақов «Қазақ газ өңдеу зауыты» АҚ директоры болып тағайындалған еді. Ол 20 жылдан астам уақыт «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да жұмыс істеген.
«Қазақ газ өңдеу зауыты» 1973 жылы Жаңаөзен қаласында ашылды. Зауыт газды төменгі температуралық конденсациялық әдіспен өңдеп, сұйық көміртекті шикізат шығарады. Жылына 3 400 миллион текше метр газ шығарады. Кейінгі жылдары Өзен, Жетібай мұнай өндіру басқармаларының және Маңғыстау газ өндіру басқармаларынан келген газдарды өңдейді. 2,0 млрд текше метр сұйық көміртекті өңдей алатын технологиялық қуаттары бар.