Тарихыңды терең түсінбей алға жылжу қиын – Тоғжан Қасенованың “Атом улаған дала” кітабы қазақ тілінде жарық көрді

Жарияланды 22 Тамыз 2024 20:28

(жаңартылды 23 Тамыз 2024 09:39)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Фото: togzhankassenova.com

Қыркүйекте Тоғжан Қасенованың «Атом улаған дала» The Atomic Steppe кітабы сатылымға шығады. Бұл кітапты жазуға автор 15 жылын арнаған. Kursiv Media тілшісі ядролық саясат саласының маманы, ғалым әрі кітап авторы Тоғжан Қасенованың өзімен кездесіп, кітап жайлы әңгімелесті.

Бұл кітап алғаш рет 2022 жылғы ақпанда ағылшын тілінде Stanford University Press баспасында жарық көрді. Кітаптың қазақша басылуына Фридрих Эберт атындағы қор (FES) қолдау көрсетті және оны  Steppe&World Publishing баспасы басып шығарды.

«Кітаптың бірінші нұсқасы коммерциялық емес негізде жарық көріп, белгілі бір адамдар тобына сыйлық ретінде ұсынылды. Екі жылдан кейін кітапты жаңартып, қазақша нұсқасы 2000, орысша нұсқасы 2000 данамен тиражбен сатылымға шығарғалы отырмыз»,– дейді автор.

Фото: Айшолпан Керім

Кітапты қазақшаға Динара Мәзөн аударып, Назгүл Қожабек редакциялаған. 

«Өзім 19 жасымнан бері ағылшынша сөйлейтін ортада жүргендіктен, жалпы ядролық сала жайлы ойымды ағылшынша жеткізу оңай болғандықтан, кітаптың түпнұсқасы ағылшынша жазылды. Кітап аудару, одан кейін аударылған мәтінмен жұмыс істеу оңай емес. Калька көп, тілге бейімдеу қажет деген сияқты. Сондықтан шығармашылық топтың зор еңбегін де атап өткенім жөн»,– дейді Тоғжан Қасенова.

Тоғжан Қасенова бұл кітапты жазуға 15 жыл кеткенін, бұл – көпке созылған зерттеу болғанын айтты.

«Көп жылдан бері Уашиңтонда ядролық саясат саласында жұмыс істеймін. Мен үшін әлемдік ғылым беттерінде Қазақстандағы ядро оқиғасы жайлы, жалпы біздің елдің кейсі жайлы мүлдем дерек жоқ екені қатты білінетін. Мен осы бір олқылықтың орнын толтырғым келді. Алғашында тек ядролық қару бойынша шешім қабылдау процесін ғана қарастырамын деген оймен бастаған едім. Бәріміз тек “Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тарту туралы шешімге қол қойды. Ол – дана басшы. Тарихтарың – осы» деген әңгімемен шектеліп келдік. Тақырыпты зерттеп, Семей полигонына жақын маңдағы елдімекендерге барғанда зардап шеккендерді көріп, жай ғана Кеңес құлаған соң не болғанын жазып қоя сала алмайтынымды түсіндім. Себебі Одақ кезінде болған дүниенің бәрі, 40 жылға созылған ядролық сынақ, оның Қазақстан халқына әсері Одақ тарағаннан кейінгі кезеңге тікелей әсер еткен фактор болды”, – дейді Тоғжан Қасенова.

Автор зерттеу барысында архивтегі деректермен жұмыс істеу қиын болғанын айтады. Тоғжан Қасенованың айтуынша, кейбір құжат сақталмаған.

«Көбіне тек архив пен интервьюлерге сүйендім. Архив ісі қиындау болды, себебі құжат түгел емес. 60, 80, 90-шы жылдардың құжаттары түгел, бірақ 70-жылдардан бірде-бір дерек жоқ болып қалуы мүмкін. Зардап шеккендермен сөйлесу қиын болды. Менің бұл істе білімім жоқ, ешкім маған мұндай оқиғадан зардап шеккен адамдармен сөйлесуді үйреткен жоқ. Адамдар 30 жыл бойы айта-айта шаршады. Алайда нәтижесін көрген емес. Одан бөлек жалпы мұндай трагедияны қайта-қайта баяндай беру, қай жағынан алып қарасаңыз да, оңай емес. Сондықтан маған сенген, көмектескен барлық адамға алғыс айтамын», – дейді кітап авторы.

Өзге авторлар сияқты Тоғжан Қасенова да оқырман реакциясы қалай болар екен деп көп уайымдаған. Ол, әсіресе, қазақша сөйлейтін аудитория үшін алаңдаған.

Фото: togzhankassenova.com

«Шынымды айтсам, бұл кітапты қазақша сөйлейтін жастар қалай қабылдайды екен деген уайым болды. Мұндай ықыласты күтпеген едім. Мүмкін, қазір бәріміз жабылып тарихымызды оқып, бұрын кім болғанымызды, бізге не болғанын, жалпы кім екенімізді іздеп жүргендіктен, оқырман кітапты осынша жылы қабылдаған болар. Әзірге, әрине, бұл кітап Қазақстанға қарағанда, өзге елдерге танымалырақ екенін мойындаймын. АҚШ-та кітап екі рет жүлде алды. АҚШ-тағы көптеген университет осы кітап бойынша кездесуге шақырды. Сондай кездесулердің бірінде кітапты оқып шыққан студент қазақ тілін үйрене бастағанын да айтты»,– дейді Тоғжан Қасенова.

Автор кітаптан да, оқырманнан да үміті көп екенін айтты. Ол бұл кітап тарих туралы түсінікті кеңейтетін шығарма болса деген ойын жеткізді. 

«Кітапты өткенімізді жақсырақ білуге, түсінуге үлес қосады деп үміттенемін. Себебі өз басым тарихта не болғанын жете түсінбей алға жылжу қиын деп есептеймін. Семейде болған оқиға – Қазақстанның бір бөлігінде болған, тек сол өңірдегілерге қатысты бір жабық тақырып күйінде қалғанын қаламаймын. Бұл – бәрімізге ортақ тарих. Кітап құрбан позициясынан шығып, өткен шақта не болғанын түсініп, алға жылжуға ой салса, қуаныштымын», – дейді ол.

Автор бұл кітап ізбасар жас ғалымдар үшін де пайдалы еңбек болады деп сенеді. Ол осының арқасында тақырып әлі де кеңінен зерттеледі деп есептейді.

«Тәуелсіздік алғалы отыз жыл болса да, бұл тақырыпта айтарлықтай шығарма, ғылыми еңбек жазылмады. Бірақ менің өзіме 15 жыл кетті. Тақырып ауыр. Алайда енді өсіп келе жатқан, тақырыпты енді зерттейтін ғалымдардың жұмысын 15 жылға қысқарттық деуге болады. Олардың тақырыпты тереңінен зерттеу мүмкіндігі болады. Шетелде саяси интеллигенция Қазақстанның полигонды жапқанына, ядролық сынақты тоқтатқанына жақсы қарайды. Қазақстанның сыртқы ядролық саясатын мақтан етемін. Бірақ осы сыртқы имидж өз елімізде болып жатқан ахуалмен сәйкес болса деймін. Бұл жағдай өзгеріп, халықтың қасіреті туралы көбірек айтамыз деп ойлаймын. Бұған дейін де айтқанымдай, бұл қасіретті халықпен бірге бастан өткермесек, назар аудармасақ әрі қарай жылжи алмаймыз»,– дейді ол.

Автор кітап қыркүйектің басында сатылымға шығатынын айтты. Оны Меломан дүкендер желісінен және Steppe&World Publishing баспа үйіне қарасты кітап дүкеніне алуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз