Әскери міндетін атқарып жүрген сарбаз Ербаян Мұхтардың жарақат алуына байланысты туысқандары оны шетелде емдеудің жолын іздеп жатыр.
Қорғаныс министрлігі мерзімді қызметтің әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың жарақат алғаны туралы түсінік беріп, оның денсаулығына ведомство жауапты емес деп мәлімдеген. Министрлік бұл командирлердің міндеті санайды.
Министрлік мәліметі бойынша қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтар ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан бөлімшесінде мерзімді әскери қызмет атқарды. Мерзімді қызметтің сарбаздары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланында, Мемлекеттік күзет қызметінде және Төтенше жағдайлар министрлігінде міндетін өтейді.
«Қорғаныс министрлігі аталған күштік құрылымдардағы әскери қызметтің қауіпсіздігін бақылауды жүзеге асырмайды. Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау командирлер үшін басты міндет. Біз де Ербаян Мұхтардың туыстары мен жақындарымен бірге оның денсаулығына алаңдаймыз және ҚР Қорғаныс министрлігінің емдеу мекемелерінде медициналық көмек көрсетуге дайынбыз», – делінген ҚМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ербаян Мұхтар 6 ай бұрын әскерде жүріп, бас-ми жарақатын алғаннан кейін комаға түскен. Министрлік оның азаматтық емханада қаралуына рұқсат бергенімен, емхана 15 тамызда сарбазды үйге шығарып жіберген. Осыдан кейін оның отбасы қазақстандықтардан көмек сұрап, Ербаянның еміне қаржы жинауға шот ашқан. Халық 140 млн теңге жинап берген.
Қорғаныс министрлігі сарбаздың саулығы күрт нашарлауына байланысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғаған. Бірақ осы жолғы мәлімдемесінде бұл іс жайында ештеңе айтқан жоқ.