Олимпиада ойындарының арқасында Еуроаймақтағы іскерлік белсенділік артып келеді. ФРЖ шенеуніктері ставкаларды төмендету бастамасын жақтап отыр. Қытайда PwC-тің бизнес жүргізуіне алты айлық тыйым салынуы мүмкін. Осы және өзге де тақырыптар туралы 22 тамыздағы шолуымыздан оқыңыз.
ФРЖ шенеуніктері ставкаларды төмендету бастамасы жақтап отыр
АҚШ-та, Джексон-Хоулда жыл сайын экономикалық симпозиум өтеді. Сол симпозиумда ФРЖ-ның бірнеше өкілі қыркүйек айында пайыздық мөлшерлемелерді төмендету бастамасын құптады.
«Егер жақын арада қолымызға тиетін деректерде тосынсыйлар болмаса, біз бұл үдерісті бастауымыз керек. Менің ойымша, төмендетуге баяу әрі әдістемелік көзқараспен келу орынды болмақ», – деді ФРЖ Philadephia банкінің президенті Патрик Харкер Reuters агенттігіне берген сұхбатында.
Бостон ФРБ Президенті Сьюзан Коллинз келесі айда саясат мәселелері бойынша өтетін Федералды резерв отырысында ставканы төмендету бастамасын қолдайтындай емеуірін танытты. «Меніңше, жақында жұмсарту саясатын бастаған абзал», – деді Коллинз. Оның пікірінше, инфляция едәуір төмендеді, ал еңбек нарығындағы жағдай қалыпты.
Алайда екі шенеуніктің пікірі АҚШ Орталық банкінің ең беделді саясаткерлерінің бірі болып саналатын Канзас-Ситидағы ФРБ президенті Джефф Шмидтің дәлелдеріне қайшы келіп отыр. «Қыркүйекке дейін қолымызға бірнеше маңызды деректер түседі», – деді Шмид. Оның айтуынша, шілде айында 4,3%-ға тең болған жұмыссыздық деңгейінің жуырдағы өсімін «мұқият зерделеу керек». Шмидтің пікірінше, алдымен жылдық мәндегі инфляцияны тұрақты 2%-ға қол жеткізу керек. Содан кейін ғана ставкаларды төмендеткен жөн.
Естеріңізге сала кетейік, шілде айының қорытындысы бойынша АҚШ-тағы инфляция 2,5%-ды құрады.
Қытайда PwC-тің бизнес жүргізуіне алты айлық тыйым салынуы мүмкін
Аудиторлар China Evergrande-де ауқымды алаяқтықты анықтай алмағаны үшін үлкен айыппұл салу және PwC-тің Қытайдағы бөлімшесінің қызметкерлеріне жұмысты алты айға тоқтата тұру қауіпі төніп тұр деп жазды Asia Financial. Тыйым Қытайдағы PwC-тің негізгі бөлімшесі мен PwC Zhong Tian LLP бухгалтерлік фирмасына салынады деп күтілуде.
Алты айлық тыйым PwC-тің бағалы қағаздармен байланысты бизнесіне қатысты болуы мүмкін. Бұл фирманың IPO-ға шығатын биржалық компаниялармен және елдің құрлықтық бөлігіндегі инвестициялық қорлармен жұмысына әсер етеді. Сондай-ақ компанияға 56 млн доллар көлемінде айыппұл салынады.
Алайда басылымның мәліметінше, жазалау туралы шешім әлі түпкілікті қабылданған жоқ. Қытайлық реттеушілер алдағы апталарда PwC-ке салынатын айыппұлдар туралы ресми түрде жариялайды, деп хабарлады үш дереккөз.
Естеріңізге сала кетейік, қарыздары 300 млрд долларға тең Evergrande жойылу үдерісінен өтіп жатыр. Компанияда 78 млрд доллар сомасына тең алаяқтық ұйымдастырылған. PwC Evergrande аудитін 2023 жылдың басына дейін, 14 жылға жуық жүргізді.
Ықтимал санкциялар Қытайдағы PwC бизнесіне әсер ете бастады. Клиенттер фирмадан іргесін аулақ салып, қызметкерлер жұмыстан шығып жатыр. Жаза мерзімі аяқталғаннан кейін де, Қытай заңдары бойынша PwC Zhong Tian жаңа мемлекеттік клиенттерді немесе биржада тіркелген клиенттерді тарта алмайды.
Олимпиада ойындарынан кейін Еуроаймақтағы іскерлік белсенділік артып келеді
S&P Global құрастырған HCOB сатып алу менеджерлерінің алдын ала жиынтық индексі шілдедегі 50,2-ден тамыз айында 51,2-ге дейін өсті деп хабарлады Reuters. Экономистер мұндай күтпеген өсімді Париждегі Олимпия ойындарымен байланыстырып отыр. Reuters сауалнамасы бойынша консенсус болжамы индекстің 50,1 мәніне тең. Ең оптимистік болжамдар 50,8-ден аспады.
Бұл ретте Еуроаймақтың қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік индексі осы айда 51,9-дан 53,3-ке дейін өсті. Бірақ өңдеу өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділік индексі шілдедегі 45,8-ден кейін сегіз ай бұрынғы ең төменгі мәнге – 45,6-ға дейін төмендеді. Дегенмен өндіріс көлемін өлшейтін индекс 45,6-дан 45,7-ге дейін өсті.
«Қызмет көрсету саласындағы кезекті бір ай тағы да өндіріс секторының әлсіреуін жеңуге көмектесті. Олимпия ойындарының әсері экономиканың күшін зерделеуді қиындатқанымен, деректер жиынтығы аймақтағы тұрақты баяулауға сәйкес келетін сияқты», – деді .J.P.Morgan Private Bank қызметкері Мэтью Лэндон.
Capital Economics компаниясының өкілі Франциска Пальмас баға қысымы ұлғая бергендіктен, ЕОБ ставкалардың төмендеуіне қатысты сақтық танытатынын атап өтті. ЕО фирмалары бағаны ең жылдам қарқынмен көтеруде – өнімнің жиынтық индексі 52,1-ден 52,9-ға дейін өсті.
Германиядағы іскерлік белсенділік индексі екінші тоқсанда 0,1%-ға кемігенін, шілдеде де жақсы қырынан көріне алмағанын байқатты. Ұлыбританияда, Еуропалық Одақтан тыс жерлерде іскерлік белсенділік жеделдеді және баға қысымы үш жылдан астам уақыт ішінде ең төменгі деңгейге дейін төмендеді. Бұл 2024 жылдың екінші жартысындағы тұрақты өсімді көрсетеді.
АҚШ-тағы ипотекалық несие ставкалары төмендеп келеді
FOX Business хабарлағандай, осы аптада отыз жылдық және он бес жылдық тіркелген ипотека бойынша орташа мөлшерлемелер төмендеп, несие шарттарын жеңілдету үрдісі одан әрі жалғасты. Тұрғын үй нарығындағы сұраныс әлсіз болып қала береді. Бұл банктерді ставкаларды 6% деңгейінде ұстауға мәжбүр етеді.
Бейсенбіде жарияланған Freddie Mac бастапқы ипотека нарығының соңғы зерттеуі 30 жылдық тұрақты ипотека бойынша орташа мөлшерлеме осы аптада 6,49%-дан 6,46%-ға дейін төмендегенін көрсетті. Бір жыл бұрын 30 жылдық несие бойынша орташа мөлшерлеме 7,23%ға тең болған еді. Өткен аптада 15 жылдық ипотека бойынша мөлшерлеме 5,66%-дан 5,62%-ға дейін төмендеді. Көрсеткіш бір жыл бұрын орташа есеппен 6,55%-ды құраған еді.
«Келіп түскен экономикалық деректер ставкалар жыл соңына дейін біртіндеп төмендейді деген болжамға саяды. Демек, мөлшерлеме тағы бір пайыздық тармаққа төмендеуі мүмкін», – деді Freddie Mac бас экономисі Сэм Хайтер.