Квазимемлекеттік сектордағы топ-менеджерлердің сыйақыға деген тәбеті қайта ашылды

Жарияланды
"Қаржы" бөлімінің редакторы
Коллаж: elements.envato.com, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қаңтар» оқиғасы мен Мемлекет басшысының «Самұрық-Қазынаға» қатысты сынынан кейін топ-менеджерлердің тәбеті тыйылған шығар деп жүрсек, қателескен екенбіз. Арада екі жыл өткенде ұлттық компания басшыларының тәбеті қайта ашылып, тіпті кейбір жағдайларда ашқұрсақ аюдай қолға түскенді оңды-солды қылғытып жатқандай. «Курсив» 2023 жылдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектордағы негізгі басқарушылардың сыйақысы қалай өзгергенін есептеп көрді.

«Курсивтің» зерттеу нысанасына 15 ұйым енді: «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, қордың 13 негізгі портфельдік компаниясы және «ҚазМұнайГаз» арқылы иелік ететін «ҚазТрансОйл» АҚ. 2022 жылы, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін билік Жаңа әрі Әділетті Қазақстанды құру бағытын жариялаған кезде, ұлттық компаниялардың басым бөлігі (қарастырылып отырған 15 компанияның 10-ы) жоғарғы менеджмент шығындарын қысқартты. Тек ҰӘҚ, «Эйр Астана», Qazaq Air, «Тау-Кен Самұрық» және ҚМГ ғана аталған трендті айналып өту бақытына ие болды. Нәтижесінде символдық болса да, теріс сальдо қалыптасты: 15 компаниядағы топ-менеджерлердің жиынтық сыйақысы 0,7%-ға төмендеді (2021 жылғы 9,62 млрд теңгеден 2022 жылы 9,55 млрд теңгеге дейін).

Есесіне 2023 жылы менеджерлер 2022 жылы жіберілген «олқылықтың» орнын жеделдетіп толтыруға шешім қабылдады. Бәрінде болмаса да, үш компанияда менеджмент шығындарын азайту жалғасты. Атап айтқанда, «ҚазТрансОйл»-да 18%-ды, «Қазақтелекомда» – 15%-ды, «Қазатомөнеркәсіпте» 7%-ды құрады. Екі компаниядағы жағдай белгісіз: Qazaq Air және Samruk-Kazyna Ondeu жылдық есептерін әлі жариялаған жоқ. ҚМГ-ның жария қолжетімділігі мен жеке есептілігінде болмаса да, шоғырландырылған есеп бар. Онда топтың негізгі басшыларының жиынтық сыйақысы 5,3%-ға ұлғайғаны көрсетілген (2022 жылғы 7,4 млрд теңгеден 2023 жылы 7,8 млрд теңгеге дейін).

Біздің тізімдегі тағы тоғыз компаниядағы топ-менеджерлердің шығындары шоғырландырылмаған негізде өскен. Бұл ретте QazaqGaz басшыларының басына бақ қонғандай. Олардың жалпы сыйақысы бірден 153%-ға өсті. KEGOC (+51%) және ҚТЖ (+37%) басқарушылары да жоғары өсімге қол жеткізе алды. ҰӘҚ-дағы топ-менеджерлер (салықты есептегенге дейін) 2022 жылмен салыстырғанда 17%-ға, ал 2021 жылмен салыстырғанда 39%-ға көп табыс тапты. «Самұрық-Энергода» басшылыққа есептелген шығындар 16,3%-ға, Samruk-Kazyna Construction-да – 14,3%-ға, «Қазпоштада» – 12,7%-ға, «Эйр Астанада» 9,5%-ға (ал соңғы екі жылда 30%-ға) өсті. Аудиттелген есептілігі қолжетімді 12 компания үшін басшылықтың еңбекақы төлеу қоры 2022 жылы 8,3 млрд теңгеден 2023 жылы 9,2 млрд теңгеге дейін немесе 11,3%-ға ұлғайды.

Жалпыға қолжетімді деректерге сүйене отырып, «Курсив» қарастырылып отырған 15 компаниядағы топ-менеджерлердің (Директорлар кеңесі және басқарма мүшелері) орташа табысын есептеді. Квазимемлекеттік сектордағы ең жоғары ақы төленетін басқарушы болып Питер Фостер қала бермек. Ол – «Эйр Астананың» атқарушы органының президенті және жалғыз мүшесі. Компания оның 2023 жылға арналған сыйақысы туралы ақпаратты әлі жариялаған жоқ. Бірақ ол 2022 жылы айына орташа есеппен 33 млн теңге, ал бір жыл бұрын – 26 млн теңге алып отырған. Жалпы, «Эйр Астана» бас компания мен «бауырлас» компанияларына қарағанда топ-менеджментке көп қаржы жұмсайды (инфографиканы қараңыз). Бірақ олардың нақты сомасы есептерде ашып көрсетілмейді.

«Эйр Астананың» директорлар кеңесінің мүшелеріне төленетін төлемдерге келетін болсақ, төлемдер бастапқыда тек тәуелсіз директорларға ғана қарастырылды және тең иеленушілердің өкілдеріне (ҰӘҚ және британдық BAE Systems) берілген жоқ. 2022 жылдың қарсаңында акционерлер ДК басшысы (ол кезде ҰӘҚ-дағы Нұржан Байдәулетов болған) да сыйақыға лайық деп шешім қабылдап, тиісті мөлшерді белгіледі. Ол 2022 жыл үшін жалақы алып үлгерді (сома ашық көрсетілмеген, ДК жалпы 330 мың доллар табыс тапты), бірақ көп ұзамай қызметінен кетті. 2023 жылдың қыркүйегінде оның орнына Айдар Рысқұлов келді. Ал үш айдан кейін компанияның ДК-ін «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов басқарды. Сонымен қатар қыркүйек айында ҰӘҚ «Эйр Астана» ДК-нен Ернар Жанаділді алып тастап, оның орнына Салтанат Сәтжанды қабылдады. Ол бұл креслода небәрі үш ай отырды және Жақыповтың келуімен ДК құрамынан шықты. Осыдан кейін көп ұзамай авиакомпания британдық акционерлер үшін өте табысты, ал қазақстандық инвесторлар, оның ішінде БЖЗҚ-ның миллиондаған салымшылары үшін өте қайғылы IPO-ны көзді ашып-жұмғанша жылдам өткізе салды. «Эйр Астана» ДК басшысына 2023 жылы сыйақы төленбеген.

Өткен жыл QazaqGaz топ-менеджерлері үшін де өте жақсы өрілді. 2022 жылы, «Қантар» оқиғасынан кейін көп ұзамай компаниядағы басшылық (оның ішінде СЕО Қайрат Шәріпбаев және ДК басшысы Әділбек Жақсыбеков сияқты «салмақтылар») толығымен өзгерді. «Курсивтің» есептеулері бойынша, басқармадағы орташа жалақы айына 4,2 млн теңгеден мұндай мәртебелі орын үшін тым күлкілі сомаға – 1,9 млн теңгеге дейін төмендеген. Есесіне 2023 жылы орташа жалақы үш еседен астам (6,2 млн теңгеге дейін) сомаға бір-ақ көтерілді. Ұлттық компаниялардағы топ-менеджерлердің сыйақысы дегеніміз – бұл лауазымдық жалақы, сыйлықақы және KPI-ды орындау нәтижелері бойынша жылдық бонус екені белгілі. Соңғы компонент әлдеқайда икемді әрі сыйақының соңғы мөлшеріне қатты әсер етеді (көбейтуге де, азайтуға да). Нақты персонал үшін лауазымдық жалақыны едәуір арттыру мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды. Қалай болғанда да, сырттай бақылаушылар үшін белгілі бір компанияның топ-менеджерлері қандай еңбегінің арқасында көбірек ақша алатынын (немесе керісінше аз ақша табатынын) түсіну мүмкін емес. Мысалы, QazaqGaz-да таза пайда 2021 жылы 400 млрд теңгеден 2022 жылы 387 млрд теңгеге дейін, 2023 жылы 326 млрд теңгеге дейін төмендеген. Әлбетте, аталған компаниядағы пайда динамикасы мен элиталық жалақы динамикасы арасында ешқандай байланыс жоқ (жалпы бүкіл квазимемлекеттік сектордағыдай).

Топ-менеджерлерге берілетін орташа жалақының ең жылдам өсуімен көзге түскен тағы екі компания QazaqGaz траекториясын қайталады, бірақ драмалық сипаты солғындау. KEGOC басқармасында мұндай төлемдер 2021 жылғы 3,7 млн теңгеден 2022 жылы 3 млн теңгеге дейін азайды. Содан кейін 2023 жылы 5,4 млн теңгеге немесе 80%-ға дейін көтерілді. ҚТЖ-да да алдымен 4,8 млн теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін төмендеді, артынша 7,2 млн теңгеге дейін немесе 58%-ға өсті.

«Самұрық-Қазына» басқарма мүшелерінің өмірі (кем дегенде материалдық тұрғыдан) кейінгі екі жылда жақсарып келеді (әсіресе алты топ-менеджердің екеуі 2022 жылдың наурызында, ал қалған төртеуі 2023 жылдың сәуірі мен тамызы аралығында басқарма құрамына кіргенін ескерсек). Олардың орташа сыйақысы 2021 жылы 4,6 млн теңгеден 6,8 млн теңгеге дейін, кейін 8,4 млн теңгеге дейін немесе екі жылда 84%-ға өсті. Орташа жалақы ренгкингінде олар «Эйр Астана» (IPO-ны сәтті ұйымдастырған) және «Қазатомөнеркәсіптегі» әріптестерінен кейін екінші орында тұр. Бұл ретте ҰӘҚ «ең қымбат» директорлар кеңесін ұстап отыр. Өткен жылы «Самұрық-Қазына» ДК тәуелсіз мүшелері (Болат Жәмішев, Лука Сутера, Мұхаммед Әл Рамахи және отставкаға кеткен Джон Дудас) айына орташа есеппен 8,7 млн теңгеден табыс тапты.

ҰӘҚ менеджерлері жалақыны тек Қордың өзіннен ғана емес, сонымен қатар портфельдік компанияларда басшылар немесе директорлар кеңесінің мүшелері ретінде де ала алады. «Эйр Астанаға» осындай тәжірибені енгізу туралы жоғарыда айтылды. 2021 жылдан бастап мұндай тәжірибе «Қазақтелекомда» да енгізілді. Онда ДК басшысы (жоғарыда аталған Нұржан Байдәулетов) жылына 16 млн теңге (немесе айына 1,3 млн теңге) алады. ҚТЖ-да 2021 жылға дейін (қоса алғанда), ДК-дегі акционер өкілдерінің сыйақы алуға құқығы болмады. 2022 жылдан бастап бұл дүние ережелерден «жоғалып» кетті. Бірақ компания оның ҰӘҚ өкіліне төленетінін немесе төленбейтінін ашып айтпайды. Осындай өкілдердің бірі біз атаған Байдәулетов болды. Алайда 2023 жылдың маусымында оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

ҚМГ басқарма мүшелері орташа жалақы ренкингінде (3,8 млн) 11-орынға ие. Бірақ компания сыйақылар туралы ақпаратты әбден «тазартып» алып барып жариялауы да мүмкін. Яғни, салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді шегергеннен кейінгі сома көрсетілген болуы ғажап емес. Егер солай болса, онда есептелген орташа сыйақы айына шамамен 6 млн теңгені құрайды. Тиісінше, бұл ҚМГ-ны ренкингтегі 7-орынға көтеріп, «Самұрық-Энерго» компаниясымен теңестіреді.

2023 жылы топ-менеджерлердің орташа жалақысының айтарлықтай төмендеуі үш компанияда тіркелді: Qazaq Air (-49%), Samruk-Kazyna Construction (-38%) және «ҚазТрансОйл» (-22%). Бұл ретте «ҚазТрансОйл»-ға қатысты түзету өте жоғары базадан (8,1 млн теңге) басталып отыр. Тіпті 6,3 млн теңгеге дейін төмендеген күннің өзінде ҚТО басшысының орташа жалақысы квазимемлекеттік сектордағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып қала береді (ренкингте №5). Qazaq Air-ге келетін болсақ, 2023 жылға дейін бұл компания өз басқарушыларына жомарттық танытып келді: 2021 жылы орташа есеппен 7,6 млн теңге, 2022 жылы 8,6 млн теңге (тек «Эйр Астана» мен «Қазатомөнеркәсіпте» ғана көп төленді). Әлбетте, бұл жердегі қысқарудың төркіні «қымбат» адамдардың жұмыстан шығарылуында жатыр. 2022 жылдың жазында Qazaq Air төрағасы Пламен Атанасов компания басқармасынан шығарылды, ал күзде ұшуды ұйымдастыруға басшылық ететін Танос Лазарос та Атанасовтың кебін киді. Оларды жергілікті кадрлар алмастырды, ал топ-менеджерлердің орташа жалақысы 4,4 млн теңгеге дейін төмендеді. Осы жылдың мамыр айында Qazaq Air-ды вьетнамдықтарға сатуға келіскені белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз