«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының 2024 жылғы қаңтар-маусымдағы халықаралық қаржы есептілігінің стандарты бойынша таза пайдасы 283,244 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 27% жоғары.
Есепке сүйенсек, өсім негізінен U3O8, яғни уран оксиді спот бағасының қымбаттауы нәтижесінде тіркелген. Сонымен қатар байытылған уран өнімін сатудан түскен кіріс те артқан.
«2024 жылдың бірінші жартыжылдығында «Үлбі-ТВС» ЖШС-нің отын жинақтарын өндіру қажеттілігіне және басқа да уран өнімдеріне сұраныстың артуына байланысты өсім тіркелді», – деп хабарлады «Қазатомөнеркәсіп».
Кәсіпорынның шоғырландырылған кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, 701,120 млрд теңгені құрады. Ал салық төлегенге дейінгі пайдасы – 29%-ға, 365,822 млрд теңгеге жетті. Жалпы табысы, керісінше, 13,6%-ға, 257,575 млрд теңгеге дейін төмендеді.
Жыл басынан бері компанияның активтері 3,4%-ға, 2,511 трлн теңгеге дейін азайды. Ал міндеттемелер 4%-ға, 614,922 млрд теңгеге дейін өсті. Меншікті капиталы 5,6%-ға, 1,896 трлн теңгеге дейін азайды. Жарғылық капитал өзгерген жоқ және 37,051 млрд теңгені құрады.
«Қазатомөнеркәсіп» – уран мен оның қосындыларын, сирек металдарды, атом электр станцияларына арналған ядролық отынды және арнайы техниканы экспорттау бойынша Қазақстанның ұлттық операторы. Оны «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарады.
Еске сала кетсек, былтыр «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының таза пайдасы 580 млрд теңгені құрап, 23% артты.
Бұған дейін Қазақстан Үкіметі республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГазбен» қатар «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акцияларын сатып алуға рұқсат берген.