«ҚазМұнайГаз» компаниясының таза пайдасы 12,5%-ға өсті
«ҚазМұнайГаз» компаниясының таза пайдасы 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға өсіп, 550 млрд теңгені құрады. Бұл туралы компания есебінде жазылған.
Таза пайдаға қандай факторлар ықпал етті?
Таза пайда негізінен түсімдердің ұлғаюы, уақытша бос ақша қаражаттарын орналастырудан түсетін пайыздық кірістердің, сондай-ақ қаржылық кірістердің ұлғаюы есебінен өсті.
Ақпан айында ҚМГ ресейлік «Татнефть» компаниясына көмірсутегін өндіруге келісімшарты бар «Қаратонның» жарғылық капиталындағы 50% үлесін 16,4 млрд теңгеге сатты. Осылайша еншілес ұйымды шығарудан түскен кіріс 16,4 млрд теңгені құрады.
Түсім 7,5%-ға өсіп, 4,23 трлн теңгеге жетті. Өндіріс шығындары 8,2%-ға өсіп, 639 млрд теңге болды.
«Көрсеткіш негізінен өндірістік персоналдың жалақысын индекстеу есебінен, сондай-ақ тарифтер мен тасымалдау көлемінің ұлғаюы есебінен көлік шығындарының өсуі есебінен артты», – деп хабарлады компания.
Шығыстар туралы
Тасымалдау және өткізу шығындары 132 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 10,1%-ға жоғары.
Жалпы және әкімшілік шығыстар 62,7%-ға өсіп, 117 млрд теңгеге жетті. Оған QazaqGaz-ға KazRosGas-тың 50% үлесін сенімгерлікпен басқару қызметтері үшін 20,9 млрд теңге сыйақының есептелуі әсер етті. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккендерге демеушілік көмек көрсетуге байланысты өсті.
Бірлесіп бақыланатын ұйымдар бойынша да көрсеткіш жағымды
Бірлесіп бақыланатын ұйымдардың акциялары бойынша түзетілген таза пайда екі еседен астам өсіп, 591 млрд теңгені құрады. Бұл ретте бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар пайдасындағы үлес үштен бірге, яғни 268 млрд теңгеге дейін қысқарды. Бірлескен кәсіпорындардан алынған дивиденд көлемі төрттен үшке өсті. Осылайша 310 млрд теңгеге жетті. 2024 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша ҚМГ 61 операциялық компанияда қатысу үлесіне ие.
Жыл басынан бері активтер 3,7%-ға өсіп, 17,56 трлн теңгеге жетті
Көбінесе бұл қолма-қол ақша мен оның баламалары көлемінің 61%-ға, яғни 1,7 трлн теңгеге ұлғаюына байланысты болды. Сондай-ақ сауда дебиторлық берешегі, барлау және бағалау активтері, басқа да ұзақ және қысқа мерзімді қаржылық активтер өсті.
Алты айда міндеттемелер 6,2%-ға артып, 6,95 трлн теңгеге жетті. Бұл ең алдымен қарыздардың, жалдау және қызметкерлерге сыйақы бойынша міндеттемелердің, қысқамерзімді провизиялардың және басқа ұзақмерзімді қаржылық емес міндеттемелердің ұлғаюына байланысты. Компанияның таза қарызы 1,6 трлн теңгені құрады. Көрсеткіш 2023 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 4,4%-ға төмен.
Жеке капитал 2%-ға өсіп, 10,6 трлн теңгеге жетті.
«ҚазМұнайГаз» – Қазақстанның мұнай-газ саласының ұлттық операторы. Компанияның 67% акциясының иесі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (67,42%), ҚР Қаржы министрлiгi (20%), ҚР Ұлттық банкі (9,58%).
Еске сала кетсек, 2023 жылы Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясының түсімі 8 320 млрд теңгені (18 236 млн АҚШ доллары) құрады. Бір жыл бұрын көресткіш 8 693 млрд теңге (18 860 млн АҚШ доллары) болатын. Демек түсім 4,2% төмендеген.