Желіде 15 қыркүйектен бастап оқушыларды қашықтықтан оқытуға жібереді деген ақпарат тарады. Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ақпараттың жалған екенін айтып отыр.
Мессенджерлердегі 15 қыркүйектен бастап балаларды қашықтықтан оқытуға жібереді және мекемелерде бетперде режимі енгізіледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрліктің мәліметінше, бетперде тағу режимі тек медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін енгізіледі.
Жыл сайын эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс шараларды өткізуді көздейтін ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы бекітіледі. Қаулыға сәйкес, биылғы жылдың 15 қыркүйегінен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу басталады. Бетперде режимі тек медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін енгізіледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан маймыл шешегінің таралуын болдырмау үшін әуежайлар мен шекара бекеттерінде бақылау шарасын күшейтетіні туралы жазған едік. 18 тамызда Денсаулық сақтау министрлігі елде маймыл шешегінің бірде-бір жағдайы тіркелмегенін хабарлады. Есесіне, ведомство шекара өткелдері мен әуежайларда санитарлық талапты күшейтпек.