Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресейлік серіктестерімен бірігіп Ауғанстаннан келетін есірткі контрабандасына тосқауыл қойды. Құзырлы орган Ресейдің шекаралас аудандарының бірінде есірткі саудасын жүргізіп келген қылмыстық топтың екі адамын ұстады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресейлік серіктестермен өзара әрекеттесе отырып, «Солтүстік бағыт» деп аталатын ауған есірткі контрабандасының арнасын жойған.
«Осы жылдың тамызындағы операция қорытындысы бойынша Ресейдің шекаралас аудандарының бірінде есірткі саудасын жүргізу кезінде халықаралық есірткі тобының екі қатысушысы ұсталды»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Ұсталған адамдардың үй-жайын тінту кезінде үлкен көлемдегі есірткі қоры анықталған. Табылған гашиш есірткісінің салмағы 50 келіні құраған. Ал оның «қара» нарықтағы құны шамамен 500 мың долларды құрайды.
Комитет бұл факті бойынша тергеу жұмыстарын бастаған. Сонымен бірге ҰҚК шет елдердің құзыретті органдарымен бірлескен халықаралық есірткі трафигіне қарсы іс-шаралар жалғасып жатқанын хабарлайды.
Еске сала кетсек, Қаржылық мониторинг агенттігі 50 мыңнан астам адамды арбаған, жалпы айналымы 48 млрд теңгені құрайтын есірткі бизнесіне тосқауыл қойылғанын хабарлаған болатын. Агентіктің мәліметінше, жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 60 қылмыстық іс қозғалды, оның жартысы – контрабанда фактілері.
Ал 2 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара арқылы есірткінің рекордтық партиясын алып өтпек болған екі шетел азаматын ұстады. Шекарада тәркіленген күдікті заттардың құрамында героин барын көрсеткен. Оның жалпы салмағы 775 келі, «қара» нарықтағы құны 15 млн АҚШ долларынан артық болуы мүмкін. Қылмыс жасады деген күдікпен екі шетел азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.