Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі Еуразиялық экономикалық одақ хаттамасына «Конденсат» мұнай өңдеу зауытына қатысты өзгеріс енгізді. Өзгерістерге сәйкес, компания АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинін ЕАЭО аумағынан тыс жерлерге экспорттау құқығына ие болады. Бұл жайлы компанияның 2023 жылға арналған есебінде жазылған.
Ал «Конденсат» компаниясына «Бірінші шина компаниясы» ЖШС мұнай жеткізіп отырады. Аталмыш ЖШС компаниямен осындай келісімшартқа отырған. Келісімшартқа сәйкес «Бірінші шина компаниясы» 2024 жылы топқа ай сайын 30 мың метрикалық тонна дистиллят газ конденсаты мен шикі мұнай жеткізуге міндетті. Компания есебінде бұл көлем зауыттың 90-95% бензин жөнелтуіне мүмкіндік беретіні жазылған. Құжатта соңғы екі жылда шикізат жетіспеушілігіне байланысты бұл көрсеткіштердің небары 11-20%-ды құрап, кәсіпорынның тиімділігі төмендеп кеткені айтылады.
Сонымен бірге есепте «Конденсаттың» ЕАЭО-дан тыс жерлерге қандай көлемде АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинін экспорттай алатыны көрсетілген. Оған сәйкес, 2024 жылы кәсіпорын ЕАЭО аумағынан тысқары елдерге АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинін 225 мың тонна көлемінде экспорттай алады.
Бұл рұқсат негізінде «Конденсат» автобензин экспортынан жақсы табыс табады деп болжанып отыр. Сонымен бірге бұл өзгерістер кәсіпорынның Қазақстанның Даму Банкі алдындағы қарызын өтеуге мүмкіндік береді. Өйткені бұл компания 2015–2018 жылдары Қ5 экологиялық класындағы бензин мен дизель отынын өндіру үшін өндірісті жаңғыртуға Қазақстанның Даму Банкінен қарыз алған болатын.
Компанияның мәліметінше, 2024 жылдың 29 ақпанындағы жағдай бойынша қарыз көлемі 62,6 млн долларды, яғни 20,6 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын 2024 жылдың наурыз айында ҚДБ-ға 8 миллион доллар, ал сәуірде тағы 12 миллион доллар көлемінде қарызын өтеген.
«Компания «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-мен несиелерді қайта құрылымдау бойынша келіссөздерді жалғастыруда», – деп хабарлайды компания.
Сонымен бірге маусымда компания ҚДБ-мен үлкен келісімшартқа қол қойылғанын мәлімдеді. Компания қандай келісімшартқа қол қойылғаны туралы ашып айтпады. Соған қарағанда, екі тарап несиелерді қайта құрылымдауға қатысты бір мәмілеге келген сыңайлы.
Сондай-ақ «Конденсат» есебінде топтың соңғы бақылаушы ретінде БАӘ-де, Дубайда тіркелген Osprey Investment L.L.C. компаниясы көрсетілген. Ал «Конденсаттың» соңғы бенефициары Dzintars Puzaks есімді азамат. Ол Osprey Investment L.L.C. компаниясына келмес бұрын Ресейдің «Татнефть» компаниясында қызмет еткен.
Ал «Бірінші шина компаниясы» ЖШС-нің құрылтайшысы ретінде де OSPREY INVESTMENT L.L.C компаниясы көрсетілген. Компанияның екінші құрылтайшысы – Чичиенко Наталья Ивановна.
Айта кетсек, Энергетика министрлігі қыркүйектен бастап бензин мен дизель отынын Қазақстаннан әкетуге тыйым мерзімі 6 айға ұзартқан болатын. Оған сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге автомобиль көлігімен бензиндерді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салынған.