Қазақстаннан қашып, Ресейден азаматтық алған кәсіпкер Балушкинге тиесілі «Рахман қайнары» шипажайы мемлекет балансына өтеді

Жарияланды (жаңартылды )
«Рахман қайнары» шипажайын мемлекет балансына өткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр / Фото: otdyh-vko.kz

Ресейге қашып кеткен бизнесмен Анатолий Балушкинге тиесілі болған «Рахман қайнары» шипажайын Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының балансына беру бойынша аукцион өтті.

«Электронды сауда алаңында» бұрын «Бипэк Авто Қазақстан» компаниялар тобына тиесілі болған «Рахман қайнары» шипажайын мемлекеттік органдардың балансына беру бойынша аукцион өтті. Сайттағы құжатта нысанның сметалық құны жер телімін есептемегенде 1,6 млрд теңгеден асатыны жазылған.

Аукцион 22 тамызда өткен. Шипажайда 15 адамға арналған типтік 2 қабатты коттедждер. 1-ден 3 адамға дейін тұруға арналған бір қабатты 5 жайлы люкс коттедждері және 2 медициналық ғимарат және тағы да басқа құрылыс нысандары бар. Барлық ғимарат мен құрылыстың жалпы ауданы шамамен 7 мың шаршы метрді құрайды. Олардың көпшілігінің жағдайы жақсы деп бағаланады. Алайда нысан 2021 жылдан бері жұмыс істемеген.

«Рахман қайнары» шипажайы 1964 жылы ашылған. Шипажайдың сыйымдылығы 100 орынды құрайды. Бұл жерде әртүрлі аурулар табиғи минералды термалды жер асты радон суларымен емделеді.

Рахманов бұлақтарының суы қазіргі химиялық классификация бойынша әлсіз минералданған азотты кремнийлі емдік санатқа жатқызылған. Оның құрамы Ресейдің Белокуриха шипажайы мен Грузияның Цхалтубо курортына ұқсас және емдік күші жағынан олардан кем түспейді.

Шипажай ШҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының балансында 2026 жылға дейін болады. Ал кейін мемлекет балансына өткізілмек. Шипажайдың бірден мемлекет балансына өткізілмеуінің себебін басқарма өкілі Марат Қабақов түсіндірген.

«Рахман қайнары» – мемлекеттік шипажай болуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Мұнда салық қарызынан бастап, дүние-мүліктің тәркіленуіне қатысты көптеген шешілмеген мәселе бар. Сондықтан шипажайды бірден мемлекет меншігіне өткізу өте қиын болып тұр. Ол үшін заңнамалық мәселелерді шешу қажет. Содан кейін санаторий мемлекет меншігіне өтеді»,- деп мәлімдеген ШҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілі.

Шипажай иесі туралы

Еске салсақ, сәуірде «Бипэк Авто Қазақстан» 49 жылға жалға алған 170 гектар орман алқабы мемлекетке қайтарылды. Холдингтің «Орман кодексін» және шарт талаптарын орындамағаны белгілі болды.

«Бипэк Авто Қазақстанның» негізін 1992 жылы кәсіпкер Анатолий Балушкин қалаған. Кейіннен компания «БИПЭК Авто – Азия Авто» холдингіне айналды. Алайда 2020 жылы компания қиындықтарға тап болды. Сол кездегі Индустрия министрлігі компаниямен келісімшартты бұзып, 174 миллиард теңгені қайтаруды талап етті. Осыдан соң Балушкин Ресей қашып кеткен болатын. Ал 2021 жылы Қазақстан Балушкинге іздеу жариялады. Артынша кәсіпкердің Ресей азаматтығын алғаны белгілі болды.

5 тамызда Балушкиннің үстінен Өскеменде сырттай сот жүріп жатқаны хабарланды. Бизнесменге қарсы First Heartland Jusan Bank АҚ және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) арыз білдірген. Балушкинге қатысты іс – аса ірі мөлшердегі алаяқтық және Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті заңдастыру фактілері бойынша жүрген.

Ал 22 тамызда «Бипэк Авто – Азия Авто» заңгерлері компанияның құрдымға кетуіне Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласын кінәлады. Олардың айтуынша, экс-премьердің бұрынғы күйеубаласы Азамат Қапенов компанияны рейдерлік жолмен басып алмақ болған.

Сондай-ақ оқыңыз