Жаңалықтар

28 тамызда Астанада сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерге өтініш қабылдау басталады

сатып алу құқығымен үйді қалай алуға болады?
Сатып алу құқығымен тұрғын үйге өтініш қабылдау 7 күнге созылады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Астанада сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерге өтініш қабылдау басталады. Бұл жайлы Астана қаласының әкімдігі хабарлады.

«Астана қаласының Тұрғын үй орталығы «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ желісі бойынша «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдауды бастайды», делінген хабарламада.

Өтініш қайда қабылданады? Астана қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының хабарлауынша, өтінімдерді қабылдау birge.astana.kz порталы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылады.

Қашан басталады? Өтінімдерді қабылдау 28 тамыз күні сағат 9-да басталады. Өтініш қабылдау мерзімі бір аптаға созылып, 3 қыркүйек күні сағат түнгі 23.59-да аяқталады.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады? Бұл бағдарламаға мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы лауазымдарды атқаратын адамдар санаты бойынша Астана қаласында тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар ғана қатыса алады.

Қандай құжаттар тапсыру керек?
  • ЭЦҚ кілті керек.
  • Кезекте тұрған адамның, жолдасының (жұбайының) және 16 жастан асқан балалардың жеке куәлігінің көшірмесі (бар болған жағдайда);
  • Өтініш берушіге және Қазақстан Республикасы бойынша отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің болмағаны туралы анықтама керек. Бұл анықтама ҚР электрондык үкімет egov.kz порталынан өтінім берілген күні алынуы тиіс.
  • 16 жаска дейінгі балалардың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
  • Неке кию/бұзу/жұбайының қайтыс болуы/әке болуды белгілеу туралы куәліктің көшірмесі / № 4 нысан / сот шешімі туралы анықтама (бар болған жағдайда);
  • Тіркелген некеде тұрмаған азаматтар нотариустан некеде тіркеуде тұрмайтыны туралы анықтама;
  • Меншік құқығының туындағанын растайтын құжаттар (сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау, жекешелендіру, беру, мұрагерлік құқығы туралы куәлік және т.б. шарттар көшірмесі);
  • Шығыс нөмірі мен күні бар елтаңбалық бланкідегі жұмыс орнынан анықтама (елтаңбалық бланк болмаған жағдайда елтаңбалық мөр қажет). Бұл анықтаманың қолданылу мерзімі өтінім берілген күннен күнтізбелік 10 күннен аспауы керек.
  • Кезекте тұрған адамның не отбасы мүшелерінің мүгедектігі туралы анықтама (бар болған жағдайда сұралады). Сонымен бірге жолдасының немесе жұбайының дербес деректерді өндеуге келісімі туралы құжаттар қажет болады.

Бағдарлама бойынша толықтай ақпаратты Астана қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының ресми сайтынан білуге болады.